МТРА жаңалықтары

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен әйел мен баланың жағдайы ауыр

 

 

Кеше күллі елдің назары қаламыздың Жұмысшы кентіне ауды. Мұнда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамаға соғылып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиғаның салдарын мына видеодан көруге болады. Құлаған павильон, дүрліккен адамдар, жедел жәрдем қызметкерлері мен тәртіп сақшылары.

НҰРБЕК БАЙЛИН, қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирі
– 13-ші қараша сағат 14:20 шамасында Петропавл қаласындағы Панфилов көшесі бойында “ВАЗ-2108” автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай аялдама павильонына соғылған. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде 43 жастағы қала тұрғыны мен 2010 және 2015 жылдары туған 3 кәмелетке толмаған бала зардап шекті. Төртеуі де түрлі жарақаттармен қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды. “ВАЗ-2108” автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі мас еместігі анықталды.

Ақпарды саралай келсек, жүргізушінің ішімдік ішпегенін, бірақ, сөйте тұра көлік тізгініне ие бола алмағанын ұғынамыз. Орын алған оқиғаға қатысты зерттеу жүргізіп көрейік. Кеше көктайғақ болған жоқ. Демек, машинаның дөңгелектері сырғанап, аялдамаға соғылды деген ой болжамдар тізімінен автоматты түрде алынып тасталады. Мәселе жылдамдықты шамадан тыс асыруда сияқты. Яғни, жүргізуші Панфилов көшесінің бойында әр 200 метр сайын тұрған белгілерді назарға ілмей, зымыранша зулаған.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
қаз: 168, 00:02-00:33 Панфилов көшесінің бойында жылдамдықты қырықтан асырмау қажет деген ескерту белгісі тұр. Яғни, жүргізуші қырықпен немесе одан төмен жылдамдықпен жүруі қажет. Кешегі автокөлік тізгініндегі азаматтың бұл ескертуді елегені күмән туғызады. Өйткені, біз қазір қырықпен келе жатырмыз. Жүргізуші рөлге оп-оңай ие болып келе жатыр. Ал кешегі азамат жоғары жылдамдықпен жүргенге ұқсайды.

Панфилов көшесінде тұратын тұрғындар үрейленіп қалған. Олардың кейбірі кеше қатты дыбысты естіп, бірден далаға шығыпты. Жанталаса жедел жәрдемге хабарласқан екен.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Апат орын алған жерге арнайы келдік. Панфилов көшесінің бойындағы аялдама алынып тасталған. Кешегі апаттан кейін жарамсыз күйге түскенге ұқсайды. Дегенмен, қозғалыс тоқтаған жоқ. Көліктер әрлі-берлі зуылдап жатыр. Автобус та жаңа келіп, үйреншікті жерге жолаушыларды түсіріп кетті.

Болар іс болды, бояуы сіңді. Бәрінен бұрын алаңдататыны – зардап шеккен ересек адам мен 3 баланың бүгінгі жағдайы. Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, қазір 43 жастағы қала тұрғыны тұрақты ауыр күйде жансақтау бөлімінде жатыр. Ал бүлдіршіндердің екеуі хирургиялық бөлімшеге шығарылыпты.

ШЫНҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері:
–  3 бала да түрлі дене жарақатымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Үшеудің екеуі – 7 жастағы егіздер. Барлығы бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Кейін егіздер хирургиялық бөлімшеге көшірілді. Жағдайларын орташа ауыр деп бағалап отырмыз. Ал ауыр соққыдан 12 жастағы баланың жамбас сүйегі ашық сынған және миы шайқалған. Біз шұғыл түрде ота жасадық. Ол әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Өздігімен демалады. Бірақ, жағдайы тұрақты ауыр күйде.

Қазір бұл оқиғаға қатысты материалдар қалалық полиция басқармасында қаралып жатыр екен. Жақын арада қорытындысы шықпақ. Кеше түнде Жұмысшы кентінде, дәл 4 бірдей адам зардап шеккен жерде тағы бір жол-көлік апаты болды. Мұнда “Mercedes” пен “Mitsubishi” маркалы көліктер соғылған. Салдарынан алғаш аталған машинаның 20 жастағы жүргізушісі мен 21 жастағы жолаушы жарақат алыпты. Медициналық көмектен кейін екеуі де үйлеріне жіберілген. Жалпы, 1-ші қарашадан бастап облыс жолдарында 17 апат тіркеліп, 30 адам зардап шеккен екен. Полицейлер өте абай болу қажеттігін ескертеді!


Байболат Култанов