МТРА жаңалықтары

Жастар арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті

 

 

 

 

«Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы». Петропавлда осындай атаумен республикалық пікірсайыс турнирі өтті. 6-шы жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан сөз жарысы биыл Қозыбаев университетінде өтті. Пікірсайысқа 4 қаладан 24 құрама қатысты. Оның тең жартысы – қазақ лигасы.

БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, пікірсайыс турнирінің бас төрешісі:
– Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар мен Астана қаласының студенттері турнирге қатысуға ниет білдірген болатын.  Еліміздегі түрлі әлеуметтік, саяси бағыттағы тақырыптар ортаға салынып, олардың шешу жолдары, түйткілі тарқатылатын болады.

Бақытжан Тұрсыновтың айтуынша, дебат турниріне қатысушылардың тәжірибелері мол. Пікірсайыс турнирінің бас төрешісі дебат ойындары СҚО-да жақсы дамып келе жатыр дейді.

БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, пікірсайыс турнирінің бас төрешісі:
–  Қазіргі уақытта пікірсайысқа мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлінуде. Оның ішінде пікірсайыс федерациясы бар. Біздің өңіріміздегі клубтар бар. Қатысушылар өте тәжірибелі. Олар арнайы іріктеуден өткен. Турнир жарияланғаннан кейін олардың тәжірибесін, жетістіктерін ескере отырып, турнирге қатысуға алған болатынбыз. Оның нәтижесінде мықты командалар жасақталды. 50-ге жуық қатысушылар сайыста бақтарын сынамақ.

Жеребе тасталып, жақтаушы мен даттаушы тараптар анықталды. Тақырып – «Бұл палата өнер адамдары саясатқа араласпауы тиіс деп санайды». Айта кетейік, сайыс британдық парламенттік форматта ұйымдастырылған. Бұл пікірсайыстың ең күрделі түрі болып саналады екен. Талқыланатын тақырып дебатшыларға турнирдің басталуына 15 минут қалған кезде ғана айтылды. Ереже бойынша 4 топ жарысқа түседі, бір фракция тақырыпты әрі жақтап, әрі даттайды, ал екіншісі оған сараптама жасап, өз ойларын қосады.

Мағжан Мақтабек – астаналық «Шабыт» құрамасының мүшесі. Жас жігіттің дебатқа қатысып жүргеніне 6 жыл болған. Бірнеше жүлде иегері.
Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті дебаттарға қатысу білімді арттыруға септеседі дейді.

МАҒЖАН МАҚТАБЕК, пікірсайыс турнирінің қатысушысы, Астана қаласы:
–  Жасым 18-де. Дебатпен айналысып жатқаныма 6 жыл болды. Яғни, 7-ші сыныптан бері пікірсайыста бағымды сынап жүрмін. «Пікірсайыстан кетсем де пікірсайыс жүрегімнен кетпейді» дегендей әрқашан осылай ойнап тұруға тырысамын. Өйткені, пікірсайыс арқылы адамдар өз ойларын дәлелдеуге, эссе жазуға, халықтың алдында сөз сөйлеп жатқанда керек ораторлық қасиетке үйренеді.

Тәжірибелі дебатшы турнирде өзге қаланың ойыншылары болатынын біліп бірден қатысуға ниет білдірдім дейді.

МАҒЖАН МАҚТАБЕК, пікірсайыс турнирінің қатысушысы, Астана қаласы:
–  Әр қаланың ойнау форматтары және түрлері әртүрлі ғой. Сондықтан, олардың ойнау барысын көріп, олармен тәжірибе алмасамыз деген үміттемін.

Республикалық турнирдің жеңімпазы – «Павлодар А» құрамасы.
Оларға облыс әкімінің кубогы мен ақшалай сыйлық табыс етілді.


Самал Жунусова