МТРА жаңалықтары

Петропавлда Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі ашылды

 

 

 

Қыз-келіншектердің саяси мүмкіндіктері артпақ. Петропавлда Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі ашылды.

Мектеп жұмысы әйелдердің басқару және бәсекеге қабілеттілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Осы ретте арнайы тренингтер өтеді. Бүгінде елде саясаттағы қыз-келіншектердің санын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мақсатты жүзеге асыру үшін республикалық деңгейдегі әйелдер күштері альянсы осындай мектептер ашуды жөн көрген.

 Гүлбақша Мұсабаева, СҚО әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі
– Қазіргі уақытта Қазақстанның заңнамасы бойынша әйелдерге жақсы мүмкіндіктер беріліп жатыр. Нәзікжандылардың 30 пайызына саяси партияларда депутат болуға мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент сайлауының алдында біз Солтүстік Қазақстан облысының әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубы мен Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп нәзікжандылардың көшбасшылығын арттыруға бағытталған мектеп ашып жатырмыз. Мектептің негізгі мақсаты – әйелдерді әкімшілік, мемлекеттік, саяси қызметтерде басшылық лауазымдарда көру.

Айта кетейік, мұндай мектептер еліміздің барлық өңірлерінде ашылуда. Ал алдағы уақытта аудандарда да өз жұмысын бастамақ. Облыс орталығындағы ұйымға қоғам белсендісі Гүлбақша Мұсабаева жетекшілік етеді.
Мектепте 2 деңгей бойынша білім алуға болады. 1-шісі, яғни стандартты пакетке кіретін тренинг 10 сағаттан тұрады. Екінші сатыдағы бағыт – кәсіптілік. Осы деңгейде оқып-тоқығысы келген нәзікжандылардың міндетті түрде жоғары білімі болуы тиіс. Тренингтерді саяси салада білімі бар, тәжірибелі әрі танымал мамандар өткізеді.

Гүлбақша Мұсабаева, СҚО әйелдер күштері альянсы саясаткер әйелдер клубының жетекшісі
– Қазіргі уақытта біздің қоғамда, мемлекетте көбіне әлеуметтік мәселелерді шешу керек. Ер адамдардың көбі бүгінде саясат пен экономикаға бет бұрған. Ал әйелдер ана болғандықтан қоғамға көбіне әлеуметтік жағынан көмек жасайды. Әйелдерге көшбасшылық беру керек. Нәзікжандылардың көбі депутат, министр болса әлеуметтік мәселелерді шешуге септеседі.

Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебіне қатысуға 20-дан астам нәзікжанды ниет білдірген. Олар – іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер.
Алина Цимбал – іскер келіншек. 16 жыл бойы сән саласында еңбек етеді. Соңғы уақытта қоғам өміріне белсенді ат салысып жүр. Білімді, білікті кәсіпкер ретінде айтарым, қазіргі заманда бір орында тұралап қалмау қажет дейді.

 Алина Цимбал, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер:
– Күн санап өзгеріп жатқан өмірде біліміңді кеңейтіп, шеберлігіңді арттыру қажет. Бұл мектепке мен саяси білімімді жетілдіру үшін келдім. Көп дүние үйренемін деген сенімдемін. Бүгінде нәзікжандылар тек үйдің шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, қоғамға да пайда тигізулері керек деп санаймын.

Тренинг соңында түлектерге «Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі» курсын сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар табыс етілді.


Дана Ешкенова