МТРА жаңалықтары

Петропавлда 500-ден аса биші спорттық бал биінен сынға түсті

 

 

 

Ортада жеткіншектер өз таланттарын көрсетуде. Әр баланың бойынан қорқыныш пен қобалжу сезімі байқалады. Көптің алдында өнер көрсету үшін де батылдық қажет. Қатты қобалжығандықтан болар кейбір балалардың сүрініп құлап қалған кездері де болды. Бірақ, бұл оларды шыңдай түскендей. Тез түрегеліп, бірден би ырғағына қосылып кетті. Жарық-жүрқ еткен киім үлгілері қандай, көздің жауын алады.

13 жастағы Альмира Қалиева Астанада тұрады. Жалпы, бимен айналысып жүргеніне 7 жыл болған жас биші өзіне сенімді. Бұған дейін талай жарысқа қатысқан.

АЛЬМИРА ҚАЛИЕВА, спорттық бал биі турниріне қатысушы, Астана қаласы
– Маған спорттық бал биінде ұнайтыны – киім үлгісі.  7 жыл айналысып келе жатырмын, әлі де жалғастырамын.
Бүгін 1-ші орын аламын деген сенімдемін.

Жұптық кезеңде астаналық Жәңгір Қобылан мен Мәдина Шамгон өнер көрсетті. Екеуі бидің түр-түрін биледі. Жұптасып билеп жүргендеріне 4 жыл болған.

МӘДИНА ШАМГОН, спорттық бал биі турниріне қатысушы, Астана қаласы
–  Мен бимен 5 жасымна берін айналысамын. Ортаға шыққан кезде кішкене қобалжу болды. Біз баяу би, ча-ча-ча, самбоны биледік. Негізінде, билеудің еш қиындығы жоқ.

Жалпы, турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден аса биші келді.
Арасында ресейліктер де бар. Жарысқа қатысушылардың жасы 5 пен 18 жас аралығын құрайды. Спорттық бал биімен қарт адамдар да айналысады дейді жарыс төрешісі Антон Алдаев. Бишілерге қойылатын талаптар бар.

Антон Алдаев, жарыстың төрешісі:
–  Біз бишілердің музыка ырғағымен дәлме-дәл билеуіне және өзін
ұстауына қараймыз. Әуенді сезіне білу қажет, сондай-ақ, киіміне де назар аударамыз. Биші ортада құлап қалып жатса оның еш әбестігі жоқ, бұндай жағдайлар болып тұрады.

Айта кетейік, бұндай жарыс жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Жарыс соңында жеңімпаздарға медаль мен кубок табыс етілді.


Гульден Симбаева