АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Қазақта ел қорғаған батырлар аз болған жоқ. Соның бірі әрі бірегейі – Құлеке. Баһадүр бабамыз қазақ-қалмақ соғысына қатысты. Талай мәрте ерлігімен көзге түсті. Биыл қолбасшының туылғанына – 320 жыл. Осыған орай бүгін Абылай хан резиденциясында “Құлеке батыр және оның ұрпақтары” атты кітаптың тұсауы кесілмек.
Салтанатты жиынның резиденцияда өткізіліп жатқаны бекерден-бекер емес. Құлеке десе бірден ойымызға Абылай ханның келері хақ. Қолбасшы үш жүздің басын қосқан батырдың сенімді серігі, беделді елшісі болған. Қазіргі таңда мекеме қабырғасындан Құлеке Тәңірбердіұлының жеке заттарын көруге болады. Ол үшін мәдени нысанда арнайы бұрыш бөлініпті.
ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:
– Біздің мұражайда Құлеке батырдың найзасының ұшы және аңға шыққанда пайдаланған бүркіттің тұмылдырығы мен тұғыры бар. Абылай хан Құлекеге толықтай сенім білдірген. Ресейге болсын, барлық жерге келіссөз жүргізу үшін жіберіп отырған. Құлеке батыр көз жұмған кезде Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуді де Абылай хан тапсырыпты.
Кітаптың аты аталып тұрғандай, еңбек Құлеке батыр мен оның ұрпақтары жайлы. Шығарманы ұлы қолбасшының 7-ші ұрпағы Мұрат Жантілеуов құрастырған. Бұл туындыны жинау үшін азамат 2 жыл көлемінде тыңғылықты жұмыс істеп, ізденіпті. Еңбекке академик Жарқын Тайшыбайдың “Абылай хан тарихы” атты үш томдығы, тарихшы Ирина Ерофееваның “Қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы” шығармасындағы мәліметтер енгізілген. Жалпы, бұл жинақты басып шығаруға ұлы тұлғаның туажаттары бір адамдай ат салысыпты.
МҰРАТ ЖАНТІЛЕУОВ, Құлеке батырдың 7-ші ұрпағы:
– Құлеке батырдың 6 баласы болыпты. Үлкені – Бабеке. Ол да Абылай ханның кезінде болған батыр. Әкесімен бірге жүріпті. Екінші баласы Тілеуке, яғни, Шал ақын. Оның атымен қазіргі таңда бұрынғы Сергеев ауданы аталуда. Мен өзім Қазақбай деген 5-ші баласынан тарағанмын. 7-ші ұрпағы боламын. Қазір Құлекенің ұрпақтары бізде Шал ақын ауданындағы Қаратал, Алқаағаш ауылдарында тұрады.
Көп ұзамай жиналған көпшілік салтанатты шараның негізгі бөліміне де кезек берді. Сиясы кеппеген кітаптың таспасы қиылды.
Кітап 500 беттен тұрады. Әзірге, 200 данамен басылып шығыпты. Еңбек Құлеке батырдың ұрпақтарына, облыстағы кітапханалар мен музей- мектептерге таратылып берілмек.
Алдияр Айтпаев