МТРА жаңалықтары

20 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзер 20 жігітті әскер шығарып салу шарасы өтті. Мына азаматтар бүгін түнде Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылына аттанады. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтемек. Болашақ сарбаздар 3 күн бойы іріктеліпті.

ТИМУР КАЛИЕКПЕРОВ, ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің штаб бастығының орынбасары, Алматы облысы:
–  Психологпен жұмыс істедік. 20 бала іріктеліп алынды.

Ұзынағаш ауылындағы әскери бөлім Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының атында. Оның сарбаздары табиғи және техногендік сипаттағы апаттарды жоюға, адамдарды құтқаруға, қауіпсіз жерге көшіруге қатысады.

ТИМУР КАЛИЕКПЕРОВ, ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің штаб бастығының орынбасары, Алматы облысы:
– Біздің әскери бөлімге сарбаздар 6 облыстан келеді. 1 айдай сабақ жүргізіледі. Ант қабылдағаннан кейін бөлімдерге, бөлімшелерге жіберіледі.

Мінберге шыққан шенділер қаз-қатар сап түзеген жігіттерге жігерді жанитын жалынды сөздер, жақсы тілектер айтты. Естелік сыйлықтар да табысталды. Көп ұзамай әскерден хат жазатын болашақ сарбаздарға кеңсе тауарлары аса қажет болмақ. Шараға бойларын қуаныш пен уайым билеген олардың жақындары да қатысты. Жұртшылық жауынгерлерге мақтана қарап тұрды. Көп ұзамай әке мен ана балаларын құшақтарына алды. Жанат Жұматай – Ақжар ауданының тумасы. 20 жастағы жерлесімізді шығарып салу үшін ата-анасы сонау Үлгілі ауылынан арнайы келіпті.

ЖАНАТ ЖҰМАТАЙ,
– Әскерге бару – әр адамның міндеті. Ата-анам мені қолдады.

АБАЙ ЖҮСІПБЕКОВ,
– Уайымдап та, қуанып та тұрмын. Аман-есен ортамызға қосылсын.

КҮЛТАЙ ЖҮСІПБЕКОВА,
–  Ең кенже балам. Барамын деп айтқасын қарсылық танытқан жоқпыз.

Елімізде күзгі әскерге шақыру маусымы қыркүйектің 1-ші жұлдызында басталды. Қазір бейінді департамент мамандары бекітілген жоспарды орындау үстінде.

ЕРЖАН ХАМИТОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
– Жоспар бойынша күзгі маусымда 600-ден астам адамды әскерге жіберу қажетпіз. 320-дан астамын жібердік.

Айта кетейік, Қазақстанда күзгі әскерге шақыру маусымы жылдың соңына дейін жалғасады.


Байболат Култанов