МТРА жаңалықтары

Құмар Ақсақалов: Өңір өнеркәсібі өркендеуі тиіс

 

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті жиын өтті. Бұл жолы өңірдің өнеркәсіп секторындағы инвестициялық жобалар сөз болды. Басқосудың шымылдығын ашқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов саланың маңыздылығына тоқталып, экономикада тіркелген өсімін тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Үлесі 2018-ші жылдан бері 70-тен 80 пайызға дейін өсті.

Түрлі қиындықтар аяқтан шалып, алқымнан алып жатқанда бұған қалай қол жеткіздік? Әрине, бұл ретте отандық және шетелдік қалталы азаматтардың үлесі зор. Олар қап-қаптап қаржы құйды. Тиісінше, аққайыңдар өлкесінің өнеркәсіп саласы дамудың даңғыл жолына түсті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Соңғы 3 жылда облысқа 850 млрд теңге инвестиция тартылды. 2018-ші жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 1,5 есеге өсті.

Өңдеу өнеркәсібі саласына бағытталған қаржығы жеке тоқталайық. Былтыр секторға 333 млрд теңге құйылыпты. Ал биылғы жоспар – 380 млрд теңге. Тартылған ақшаның арқасында өндірілген өнім көлемі әжептәуір артқан. Бұл жайлы аймақ басшысының салаға жауапты орынбасары Дәурен Жандарбек мәлім етті.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2018-ші жылы 171 млрд теңгені құраса, 21-ші жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 282 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жылдың соңына дейін көрсеткіш 390 млрд теңдеген аспақ.

Сандарды жіпке тізіп болған соң Дәурен Жандарбек іске асырылған жобаларға тоқталды. Әжептәуір шаруаның басы қайрылыпты. Құйылған қаржыны, өндірілген өнімді, кірген кірісті айтып, кеуде қағуға болады. Жергілікті жұртшылықтың жұмыспен қамтылғаны да көңіл қуантады.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Қаламызда тамыз айынан бері “Урал” маркалы мотоциклдар жиналып жатыр. Өнімнің негізгі бөлігі АҚШ-қа, Канадаға, Еуропаға, Австралияға және Жапонияға экспортталады. Қазіргі таңда кәсіпорында 30 адам еңбек етіп жатыр. Олардың барлығы – Петропавл қаласының тұрғындары. Бүгінге дейін 200 бірлік мотоцикл жиналды.

Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Басты міндет – аққайыңдар өлкесін ауыл шаруашылығы және өнеркәсібі мықты өңірге айналдыру. Сол үшін жауапты сала өкілдері жатпай-тұрмай тер төгіп жатыр. Нәтиже бар. Бірқатар инвестор теріскейде өз жобаларын қолға алуға келісіпті. Кейбірі жұмысты бастап та кеткен екен.

ОГУЗХАН ЧЕЛИК, “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС бас директоры:
– Кәсібіміздің өрге домалағанын көріп, біз сіздердің өңірлеріңізде ЛДСП материалын шығаратын зауыт ашуды жөн деп таптық. Фанерден қалған қалдықтардың барлығын сол кәсіпорында іске жаратамыз. Өндіріс ошағы 300 адамды еңбекпен қамтымақ.

Осындай мысалдар жетіп жатыр. Дәурен Жандарбек баяндамасы соңында 2022 және 2025-ші жылдар аралығында өңірде 6 мың адамды жұмыспен қамтитын 35 жобаны жүзеге асыру көзделгенін айтты. Олардың жалпы құны 432 млрд теңгені құрайды. Демек, қазынаға құйылатын салық пен тұрғындардың табысы одан әрі артады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Инвесторлардың барлығы бірдей тез шешім қабылдамайды. Олар өңірмен жіті танысады. Жеті рет өлшегеннен кейін ғана өздерінің жауабын айтады. Дегенмен, облысқа қалталы азаматтарды тарту ісі жүргізілуі қажет. Себебі, кәсіпкерлер экономикаға оң әсер етеді, ескіні жаңартады. Мысалы, өңірде осыдан 5 жыл бұрын 300 мың шаршы метр нысан қаңырап бос тұрды. Бүгінгі таңда 200 мың шаршы метрден астамы қайта қалыпқа келтірілді.

Өңір басшылығы келесі аптада облыс әкімдігінде тағы бас қосады. Ол жиында аймақтың құрылыс саласындағы инвестициялық жобалары сөз болмақ.


Байболат Култанов