МТРА жаңалықтары

Сайлауға дайындық пен өткізу тәртібі

 

Түске таман Орталық сайлау комиссиясының төрағасы облыстық мәслихатта кездесу өткізді. Нұрлан Әбдіров бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде болыпты. Дауыс беру учаскелерін аралаған, жұртшылықпен жүздескен. Барлық жерде көтерілген мәселе – сайлауға дайындық пен өткізу тәртібі.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
–  Орталық сайлау комиссиясы үгіт-насихат жұмысын жүргізбейді. Біздің негізгі мақсатымыз – өңір аралап, сайлауға дайындықты, халықтың қатысу ынтасын білу.

Кезектен тыс Президент сайлауында тиісті заң қатаң түрде сақталуы тиіс. Ол үшін сапалы дайындық жүргізілуі қажет. Бірінші кезекте сайлаушылардың тізімі белгіленген жөн. Аты-жөні қағазға түсірілген адамдар тұрғылықты жерлері бойынша дауыс беру учаскелеріне барады. Ал учаскелер талапқа сай жабдықталуы тиіс. Жиында өңірдегі ахуалмен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бөлісті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 385 672 азамат енгізілді. Облыста “Жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша сайлау учаскесін іздеу” сервисі іске қосылды. Онда кірген адам қай жерде тіркелгенін, қандай учаскеде дауыс беретінін біле алады. Алдағы сайлауға қатысты әрбір мәселе өңір басшылығының жіті бақылауында.

Марат Тасмағанбетов өз сөзінде облыста үйден де дауыс беру ұйымдастырылатынын айтты. Жауған қар мен көктайғақ та сайлауға кедергі болмайды. Өңірде арнайы техникалар әзірленген. Енді учаскелердегі мамандардың жұмысына көшейік. Олар таңның атысынан түн жарымға дейін тер төгеді. Өздерінің міндеттері бар. Солар қатаң түрде сақталуы тиіс. Жерлестеріміздің білімін арттыру үшін Нұрлан Әбдіров елордадан оқытушы ала келіпті.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Кездесуімізден кейін арнайы оқыту болады. Оны менімен бірге келген азамат өткізеді. Араларыңызда қатысамын деушілер бар.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге келген кембағал адамдарға жағдай жасау қажеттігін де айтты. Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, арбаға таңылған жандарға пандустар әзірленуі керек немесе оларды бір адам күтіп алып, ішкі кіргізуі қажет.


Байболат Култанов