Білім

Облыстың 5 ұстазы «Үздік педагог» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды

 

Оқушылармен тіл табысып, әрқайсысының нені қалайтынын тыңдай білу. Бұл – «Дарын» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Ерлан Мәкеннің ұстаздық ұстанымы. Азамат қазір «Білім беру ұйымының үздік педагогы» республикалық байқауына дайындық үстінде. Балаларға Қарахан мемлекеті туралы сабақ өткізіп жатыр. Бүгін бұл тақырып кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені, Астанадағы сайыста тура осы бойынша ашық сабақ өтеді.

ЕРЛАН МӘКЕН, «Дарын» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі:
–  Ел ұстаздары арасында ұйымдастырылатын байқау жыл сайын өткізіліп тұрады. Биылғы конкурсқа жаңашылдық енгізіліп отыр. Яғни, қатысуға ниетті жан өзінің құжаттарын ақпараттық жүйеге жүктей алады. Жалпы, өзім қыркүйек айында қалалық деңгейде «Үздік педагог» атандым. Қазанда облыстық кезеңнен өтіп, республикалыққа жолдама алдым. Ол 2 кезеңнен тұрады.

Яғни, ұлағатты жан байқауда соңғы 5 жыл ішінде өзі мен оқушыларының бүгінге дейін жеткен жетістіктерін паш етеді. Әрі дайындаған авторлық бағдарламаларын ұйымдастырушыларға ұсынады.

ЕРЛАН МӘКЕН, «Дарын» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі:
–  Мен 2007 жылы жергілікті университетті аяқтадым. Одан кейін біраз жыл ауылдық жерде еңбек еттім. Соңғы жылдары «Дарын» мектеп-лицейінің шәкірттеріне сабақ беріп жүрмін. Осы 15 жылдық тәжірибемде ұққаным: ұл-қыздардың әрқайсысының жүрегіне жол таба білу керек. Өйткені, оқушылардың сабаққа деген құлшынысы тікелей мұғалімге байланысты.

Ерлан Мәкеннен басқа, облыстағы 4 ұстаз республикалық кезеңге аттанбақ. Жалпы, аудандық сайысқа 40-тан астам адам қатысып, 38-і облыстық деңгейге өткен.

ӘСЕЛ МҰҚАШЕВА, Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
–  Астанаға жақын жерде тұратын педагогтар ашық сабақ өткізу үшін ертең жолға шығады. Республикалық кезең 15-ші қарашаға дейін ұйымдастырылады. Оған жолдама алған 5 ұстаздың екеуі – қала мектептерінен. Қалғандары Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл ауданында еңбек ететін мамандар.

Топ жарып шыққан педагогқа 1000 АЕК мөлшерінде, яғни 3 млн теңге сыйақы табыс етіледі.


Алтынай Казиканова