МТРА жаңалықтары

Жұмабаев көшесіндегі 116-шы үйге су әлі берілген жоқ

 

Кешегі апаттан кейін Петропавлдағы 14 көпқабатты үй тіршілік көзінсіз қалды. Бүгін таңертең оның 13-індегі жағдай қалпына келтірілді. Өкінішке қарай, Жұмабаев көшесіндегі 116-шы үйге су әлі берілген жоқ. Сол себепті, су баспананың ауласына тасымалдануда. Аталған учаскедегі проблема шешілгенге дейін қызметкерлер кезекшілік етеді. Айта кетсек, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледж, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, «Есіл» бизнес орталығы және университет бассейні де сусыз қалып отыр.

АРМАН САУТОВ, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:
– Осыдан 3 жыл бұрын сатып алынған роботтың көмегімен су желісінің нақты қай жері зақымданғаны анықталды. Құбыр коллектордың жанынан жарылыпты. Қазір мамандар соңғы үйді суға қосу үшін тиісті жұмыстарды атқаруда. Айта кетсем, желі айтарлықтай ескі емес. Пластик болғасын 50 жылдық кепілдігі бар. Кезінде, яғни, құрылыс жұмыстары кезінде ақау орын алуы мүмкін деп болжап отырмыз. Жақын арада барлығы белгілі болады.

Арман Саутовтың сөзінше, су далаға кетпеуі үшін қысым әдеттегісінен 3-ке дейін төмендетілген. Сол себепті, кеше кешке қаладағы өзге аудандар да судан ажыратылыпты. Тұрғындардың кейбірі тіршілік көзінің сарғайып кеткенін айтып шағымданды. Бұған апаттың қатысы болуы мүмкін бе?

АРМАН САУТОВ, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:
–  Біздегі құбырлардың барлығы бірдей пластиктен жасалмаған. Шамамен 130 шақырымы – болат құбыр. Тиісінше, оларды тот басады. Кешегіндей апаттан кейін желі шайқалып, судың түсі де өзгеріп кетті.

Құбырды ретке келтіру үшін 30 қызметкер тер төгуде. Жөндеу жұмыстары түнге қарай аяқталуы мүмкін.


Алтынай Казиканова