Өзгені емес, өз таныстарын тақырға отырғызып кеткен. Петропавлда алаяқтыққа барған жас жігіт 5 жылға сотталды. Облыс орталығының 24 жастағы тұрғыны өз таныстарына түрлі сылтау айтып, қомақты көлемде қарыз алған. Мысалы, бір танысына “шетел банкінде миллиондаған ақшам бар, оны шешіп алу үшін міндетті төлем жасау қажет” деген. Ал дегеніне жеткен соң қаржыны қалтаға басып, тайып тұрған. Енді біреуінен банк реквизиттерін сұрап алып, оның атына несие рәсімдеген. Үшіншісіне айтқан өтірігі тіпті жаға ұстатады. Қу “туысым қайтыс болды, жерлеуге ақша бере тұршы” деп сан соқтырып кеткен. Алаяқ барлығы 7 адамды алдапты. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7 млн теңгеден асады. Тергеу барысында суайттың құмар ойын ойнағаны анықталды. Облыста интернет-алаяқтық та аз емес. 10 ай ішінде облыс аумағында мұндай 649 факті тіркелген. Қылмыстың 3-тен бірінде айлакерлер шетелде отырып, арам ойларын іске асырған.
Дана Ешкенова