Қаладағы өндіріс орындарының бірінде өрт шықты. Оқыс оқиға “Солтүстік фанер комбинатында” орын алды.
Аталған нысанға құтқырушылар лезде жетті. Мамандар бірден от ошағын анықтауға кірісті. Қызыл жалын фанер кептіруге арналған пештен шыққан. Өртті ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер екі оқпанмен су тартты. Мекеме қызметкерлерін эвакуациялау жұмысы да қызу жүргізілді. Сыртқа 60 адам шығарылды. Бір жан от ошағынан құтқарылды. Белгілі болғандай, өндіріс ошағынан ешқандай өрт шықпаған, өрт сөндірушілер тек өздерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің дайындығын тексеріпті. Яғни, бұл – кезекті өрт-тактикалық оқу-жаттығу.
ШЫҢҒЫС МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару мекемесі жедел кезекшісінің орынбасары:
– Өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиынына 35 адам және 8 бірлік техника жұмылдырылды. Дәл осы объектіні алатын болсақ, мұнда өрт жүктемесі жоғары. Ағаш өңдеу зауыты болғаннан кейін жанғыш заттар көп. Өрт болатын болса оның бәрін сөндіру қиынға соғады. Тактикалық жаттығумен алсақ, шамамен 40-50 минут уақыт кетті. Ал кәдімгідей өрт болар болса уақыт көбірек кетеді. Себебі, қауіпті факторлар бар.
Мұндай шаралар өрт сөндірушінің кәсіптік деңгейін арттырады. Бүгінгі өрт-тактикалық оқу-жаттығуға Әділет Ғалымов та қатысты. Азаматтың 1,5 жылдық жұмыс өтілі бар. Осы уақыт ішінде маман осы сынды жиындарға бірнеше рет қатысқан.
ӘДІЛЕТ ҒАЛЫМОВ, қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы:
– Қоңырау түскеннен бастап мен барлауды жүргізе бастадым. Ал объектіге жеткеннен кейін менің шешіміммен екі қорғау қызметі ұйымдастырылып, екі оқпанмен өртті сөндіруге кірістік. Қазір жас өрт сөндірушілер өте көп. Мұндай шаралар сол мамандарға үлкен көмегін береді. Біліктіліктерін шыңдайды.
Мұндай іс-шараларды өткізуді өрт сөндірушілер дәстүрге айналдырған. Қаламызда өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиыны айына бір рет ұйымдастырылып отырады.
Алдияр Айтпаев