МТРА жаңалықтары

Қармен күрес басталды

 

“Қызылжарда қар жоқ, қашан жауады” деп жүргенде айнала бір-ақ түнде ақ көрпесін жамылды. Байқамай да қалдық. Енді мамықтай ұлпаны коммуналдық қызметтер көктемге дейін жинайды. Қаламызда қауырт жұмыс басталып та кетіпті.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қарашаның 4-інен 5-іне қараған түні үлкен көлемде қар түсті. Коммуналдық қызметкерлер сол түні-ақ іске кірісті. Жол тазалауға 50 техника бағытталды. Ал 20 техника мен 100-ге тарта адам жаяу жүргінші жолдары мен аялдамаларды тазалады

Әзірге облыс орталығының көшелеріндегі қар механикалық түрде тазалануда. Яғни, сыртқа шығарылмайды. Негізінен мұндай жұмыс қозғалыс саябырсыған кешке 8-бен таңғы 5-тің аралығында жүргізіледі. Бұл ретте билік өкілдерінен бұқараға айтары бар.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
–  Тұрғындар түнгі уақытта көліктерін көше бойына қоймаса екен дейміз. Себебі, бұл жұмысқа үлкен кедергі келтіреді.

Биыл қаламызда қар тазалау және шығару ісімен 2 компания айналыспақ. Ақ ұлпа тізеге жеткен жағдайда жұмылдырылған техниканың саны 200-ден асып жығылмақ. Жауапты сала өкілдері қызылжарлықтардан қолғабыс күтеді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және жеке тұрғын үй иелері қар тазалау ісіне жайбарақат қарамаулары қажет. Адамдар белгілі бір жерге ақ ұлпаны жинап қойғандары жөн. Бұл бірінші кезекте коммуналдық қызметтерге үлкен көмек. Мамандар түннің бір уағында немесе күндіз келіп, жинаған қарды алып кетеді.

Қаладағы көктайғақты байқамаған, сезінбеген жан жоқ шығар. Мұнымен жауапты мамандар күресіп те жатыр. Олар таңғы 5 пен 7-нің аралығында көшелерге құм-тұз қоспасын шашуда. Инертті материал жеткілікті. Биылғы маусымға 2 мың текше метрі әзірленіпті.


Байболат Култанов