Спорт

Футбол маусымы аяқталды

 

Қазақстанда футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі аяқталды. Дәстүрлі доданың биылғы жеңімпазы – елордалық “Astana”. Шешуші турда бас қаланың жігіттері қарағандылық “Shakhter”-ді ұтып, кубокты көкке көтерді. Ал петропавлдық “Qyzyljar” 10-шы сатыға табан тіреді. Соңғы матчта солтүстікқазақстандықтар “Қарасай” стадионында ақтаулық “Caspiy”-ді 4 те 1 есебімен ойсырата ұтты. Теріскейліктер сапынан бұл ойында жартылайқорғаушы Рафаиль Оспанов көзге түсті. Ал қалған 3 голдың авторы – шабуылшы Элгуджа Лобжанидзе. Грузиялық легионер кездесуден соң өз ойымен бөлісті.

ЭЛГУДЖА ЛОБЖАНИДЗЕ, “Qyzyljar” ФК шабуылшысы:
– Маусымның соңында бізге жеңіс қажет болды. Мақсатымызға жете білдік. Өзім ақтық ойынға 1 гол болса да соқсам деген ниетпен шыққанмын. Нәтижесінде қарсылас қақпадан 3 мәрте саңылау таптым. Келесі маусымда да “Qyzyljar”-дың намысын қорғауым мүмкін. Әзірге, басшылықпен бұл мәселе бойынша әңгіме жүргізген жоқпыз.


Байболат Култанов