МТРА жаңалықтары

Екі қолға бір күрек болса, ағайын ауылдан көшпейді

 

Екі қолға бір күрек болса, ағайын ауылдан көшпейді. Қазіргі таңда елді мекендерде өндіріс орындары қарқынды түрде салынып жатыр. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары да пайда болуда. Келер жылы Мамлют ауданындағы Калугино ауылында 25 тұрғын еңбекпен қамтылады. Өйткені, мұнда тауырлы-сүт фермасы іске қосылады.

АСҚАР МӘДИЕВ, “Әйтеке би-СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
–  Ферманың құрылысын биыл бастадық. Қысы-жазы осы нысанды тұрғызамыз. Кешенді келер жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни, жұмысшылар да сол кезде іске білек сыбана кіріспек.

Кешенде жұмыс істеуге ниетті жандар баршылық. Кейбірі басшылықпен мәмілеге келіп, жұмысқа да алынған екен. Мәселен, Алина Сошникова фермада сауыншы болып жұмыс істемек. Өндіріс орнында жасалатын жағдай нәзікжандының көңілінен шығып отыр.

АЛИНА СОШНИКОВА, Калугино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– Ферманы келер жылдың мамыр айында ашпақ екен. Жұмысшыларға арналған асхана, жуынатын жер де болмақ. Жұмысқа әкеліп- әкетіп тұруға да көлік бөлінеді. Сиыр сауу қолымнан келеді. Үйде шағын шаруашылығым бар. Арнайы құрылғымен де жұмыс істей аламын.

Шаруашылық жұмысшылары үшін орташа жалақы 120-200 мың теңгенін көлемінде болмақ. Айта кетейік, аудан орталығы
Мамлюткада да жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Қазіргі таңда мұнда ДСП және ламинатталған ДСП жасайтын зауыт салынып жатыр. Оған 40 адам еңбекке тартылмақ. Ал әйнектен жасалған өнімдерді өндіретін өндіріс ошағына 300 жан жұмысқа орналастырылмақ.


Алдияр Айтпаев