Спорт

Дін өкілдері арасында волейболдан турнир өтті

 

“Жаңа Қазақстанда – терроризмге жол жоқ”. Петропавлда осындай ұранмен Республика күніне арналып волейболдан жарыс өтті. Оған мешіт пен шыркеулердің, ішкі саясат және дін істері басқармаларының командалары қатысты. Барлығы – 7 ұжым.

“Қызылжар” орталық мешітінің командасы бұл сайысқа тыңғылықты дайындалған. Ұжымдағы ойыншылардың дені – Алла үйінің жамағаты. Алғашқы кездесуде жігіттер дін басқармасының құрамасын айқын басымдықпен ұтты. Ал екінші ойында Петропавл және Булаев епархиясы ойыншыларынан басым түсті.

АЛМАС ҚАРСЫБАЙ, жарысқа қатысушы:
– Күнделікті кешке жиналып, дайындалып жүрдік.  Әрине, бүгінгі ойында тек жеңістен үміттіміз.  Бұған дейін университеттегі, қалалық жарыстарға қатыстық. Тек волейболдан ғана емес, түрлі сайыстарда бақ сынаймыз. Алдағы уақытта да қатысамыз.

Тимур Сингатуллин болса Dіn-Muhammed мешітінің атынан сынға түсті. Жарыста бақ сынап, мекеменің намысын қорғауға жолдасы шақырыпты. Аталған мекемеге барып азамат құлшылық жасайды.

ТИМУР СИНГАТУЛЛИН, жарысқа қатысушы:
–  Мектеп кезінде волейболмен жиі шұғылданатынмын. Қазір де салауатты өмір салтын ұстанамын. Мұндай жарыстар жиі өткізіліп тұруы тиіс. Бұл азаматтарды спортқа баулиды.

ТОЙБАЗАР АЙТУҒАН, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің наиб имамы:
–  Біздің дініміздің өзінде Пайғамбарымыз спортпен айналысуға бұйырған. Оның ішінде садақ ату, атқа міну, жүзу сынды спорт түрлері бар. Волейбол спорт түрі де денсаулыққа аса пайдалы. Ойнайсың, жүгіресің. Денсаулық – зор байлық. Спортпен айналысар болсақ, жастарымызды дұрыс жолға саламыз. Бір жағынан бұл жерде жақсы сөздер айтылады. Терроризмнен аулақ болуға шақырамыз. Қандай дін өкілері болмасын бір елде тұрғаннан кейін бірге болуға шақырады.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды “Қызылжар” орталық мешітінің ойыншылары жеңіп алды. Күміс жүлде ішкі саясат басқармасына бұйырды, ал қоланы “Благодать” шіркеуінің командасы қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, грамоталармен марапатталды.


Алдияр Айтпаев