МТРА жаңалықтары

Жас ұстаздардың форумы

 

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол». Осындай атаумен Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас ұстаздардың өңірлік форумы өтті. Шарада облысымыздың барлық аймағынан келген 100-ден астам маман бас қосты. Жиын басында педагогтарға арналып командалық тренинг ұйымдастырылды. Тренинг қатысушылардың біліктіліктерін жан-жақты арттыруға бағытталған.

Қатысушылардың бірі – Шал ақын ауданынан келген Аманжол Шәкім. Азамат физика және информатика пәнінен сабақ береді. Жас маманның атасы мен анасы ұстаз болған. Осы ретте мамандық таңдау қиынға соқпаған екен. Айтуынша, бүгінгі форум жас мұғалімдерді кәсіби дамытуға септеседі. Шара танымдық жағынан маңызды дейді.

АМАНЖОЛ ШӘКІМ, форумға қатысушы, Шал ақын ауданы:
–  Ең біріншіден, бұл өз тәжірибеңмен бөлісу. Жас мамандардың жиналған себебі, әркім әр түрлі, ойлары да әр түрлі. Бұл шара бізге не береді? Біріншіден, жақсы эмоция. Формунан әр жас маман өзіне бір ой түйіп алады. Мен де өзіме керек бірдеңе алып кетемін деген ойдамын.

Командалық тренингтен кейін жиналғандар акт залына жайғасты. Мұнда сала өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Шараны ұйымдастырушы Ольга Тушинскаяның айтуынша, ұстаздық жолда белгілі бір нәтижеге жету үшін ізденіс пен еңбек керек дейді.

ОЛЬГА ТУШИНСКАЯ, «Педагогикалық шеберлік орталығы» ЖМ қалалық филиалының директоры:
– Бұл форумның негізгі мақсаты – жас педагогтарға мотивация беру. Жаңа буын өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады. Цифрлік ресурстарды білім саласына кіріктіре отырып табысты оқыту жолдарын үйренеді. Креативті тұрғыда ойланады.

Біркүндік шараның ауқымы кең. Мұнда жас педагогтарға сабақ құрастыру, эмоционалдық мәдениет пен Active Spot тақырыбында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.