Қуанышымызға орай, жыл артқан сайын Солтүстік Қазақстан облысына қаржы құюды қалайтын қалталы азаматтардың саны ұлғайып келеді. Іскер жандардың дені ауыл шаруашылығын таңдауда. Оның себебін түсіндірмесе де болады. Инвесторлар теріскейдің түгі тартса майы шығатын жерінде көл-көсір астық өсіріп, төрт түлік жайғысы келеді.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Республика бойынша ауыл шаруашылығындағы инвестицияның төрттен бірі біздің облысымыздың үлесінде. 5 жылда инвестиция көлемі 2 есеге өсті. Биылғы жылдың 9 айында салаға 132 млрд теңге инвестиция тартылды. Көрсеткішті жыл соңына дейін 170 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Инвесторлардың арқасында шығарылатын өнім көлемі де ұлғаюда. Мәселен, 9 айда, нақтырақ айтсақ, қаңтар-қыркүйек аралығында облысымызда 941 млрд теңгенің тауары өндіріліпті. Бұл – күллі республикадағы ең жоғары көрсеткіш.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– В этом году мы уже произвели 80 тысяч тонн мяса, 537 тысяч тонн молока 560 млн штук яйц. Эту работу надо продолжить.
Осы орайда жоспармен бөлісейік. Солтүстікқазақстандықтар биыл жалпы құны 1 трлн теңгеден асып түсетін өнім өндіруді жоспарлап отыр. Бұл рекордтық көрсеткіш болмақ. Облыс әкімі негізгі деректерге қысқаша тоқталған соң, оның бірінші орынбасары сөз алды. Марат Тасмағанбетов саладағы инвестжобаларға кеңінен тоқталды. Биыл аққайыңдар өлкесінде 31 бастама қолға алыныпты. Басым бөлігі – тауарлы-сүт фермалары. Одан кейінгі сатыда астық сақтау қоймалары тұрса, үшінші орынға құс фабрикалары жайғасқан. Бүгінгі күні 1 кәсіпорын дайын. Екіншісі жақын арада іске қосылады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Аққайың ауданына қарасты Аралаағаш ауылындағы құс фабрикасы іске қосылуға дайын десек те болады. Кәсіпорын алғашқы кезеңде 5 мың тонна ет өндірмек. Келешекте кешен 6 нысанмен толығады. Сонда өнім көлемі әжептәуір ұлғаяды. Өндіріс ошағына заманауи қондырғылар әкелініп, орнатылды. Ал “Адель құс” серіктестігіне тиесілі фабрика бүгінгі таңда тұрғызылып жатыр.
Салада назар аударуды қажет ететін мәселе де бар. Бүгінгі күнге дейін кейбір аудандарда бірде-бір инвестжоба қолға алынбаған. Мұны аймақ басшысы Құмар Ақсақалов сынға алды.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жамбыл және Тимирязев аудандарында мал шаруашылығы бойынша әлі бірде-бір жоба қолға алынар емес. Марат Иманбайұлы, мәселені жеке бақылауыңызға алыңыз! Жамбыл мен Тимирязевтағы кәсіпкерлер басқа аудандардағы әріптестерінен немен ерекшеленеді? Ерекшеленбейді. Шаруаларда іс бастауға ниет жоқ. Бұл мәселені шешу қажет.
Өз сөзінде Құмар Ақсақалов кадр дайындау, ауылды жерлерде мамандарға үй тұрғызу мәселесіне тоқталды. Соңғысы бойынша алдағы қыста билік өкілдері диқандармен жүздесіп, баспана салу жайын талқыламақ. Бұл жерде үлгі аларлық кәсіпкерлер бар. Олардың жұмысын жұртшылық білуі тиіс.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Осы қысты пайдаланып, бір автобуспен ауылдарды аралау керек. Іскер азаматтардың жұмысын көпшілікке көрсеткен маңызды.
Келесі аптада облыстық әкімдік қабырғасында дәл осындай жиын өтеді. Онда өнеркәсіп саласындағы инвестжобалар сөз болмақ.
Байболат Култанов