МТРА жаңалықтары

Әділет министрі азаматтарды қабылдау өткізді

 

Күннің екінші жартсында Әділет министрі азаматтарды қабылдау өткізді. Қанат Мусин солтүстіктің кәсіпкерлері мен тұрғындарының мәселесін тыңдады, оның шешімін де айтты. Бірінші болып азаматтың көмегіне “Имран агро” серіктестігінің өкілі Инга Браун жүгінді. Аталған агроқұрылым 2021 жылдың 3-ші ақпанында жер учаскесін электронды түрде аукционда сатып алған. Бірақ, бұл учаскенің бұрынғы қожайыны оған дамыл-тиыштық бермей жатқан көрінеді.

ИНГА БРАУН, “Имран агро” ЖШС өкілі:
– Салдарынан біз жерді тиісті түрде тіркеген жоқпыз. Учаскені сатып алғалы ол жерде жұмыс істемедік, ештеңе екпедік. Бұл мәселені сот арқылы да шешуге тырыстық. Құжатымыз бәрі дұрыс. Бірақ, тіркеуден өте алмай жүрміз. Жерді пайдалануға да уақытша тыйым салынды.

ҚАНАТ МУСИН, ҚР Әділет министрі:
– Бұл мәселені шешуге біз ықпал ете алмаймыз. Бұл соттың қолында. Бізге онда араласуға болмайды. Жерді пайдалану бойынша шектеу алынып тасталған соң тіркеу міндетті түрде жүргізіледі. Бұл жайлы мен тіркеу қызметін құлақтандырамын.

Азаматтарды қабылдау кезінде Әділет министрінің көмегіне Гүлнәр Сәдуақасова мен Светлана Василеску да жүгінді. Банкротқа ұшыраған “Тайынша сүті” серіктестігінде жұмыс істеген солтүстікқазақстандықтар ұзақ уақыт бойы тапқандарын ала алмай жүр. Бұл проблеманы шешуге нотариус ат салысуға ниет білдіріпті. Бірақ, белгісіз себептермен маман бұл ойынан айныған екен.

Гүлнәр Сәдуақасова, қала тұрғыны
– “Қалалық прокуратура атқару жазбасының күшін жою үшін нотариусқа жүгінеді. Мен сот арқылы қаулыға нарызылығымды білдіруге тырыстым. Бірақ, сот нотариат шығарған атқару жазбасының күшін жою туралы қаулыға шағымдана алмайтынымды айтты”.

Министр бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алды. Сонымен қатар, бейінді департаментке бұл мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Қанат МУСИН, ҚР Әділет министрі
–  “Біз мұның бәрі қаншалықты дұрыс жасалғандығын толығымен зерттейміз. Тиісінше, қорытындысын шығарамыз”.

Министр бүгін барлығы 6 адамды қабылдады.


Алдияр Айтпаев