МТРА жаңалықтары

«КоммунСевер» кәсіпорны келісімшарт жасаспаған кәсіпкерлерге наразы

Айта-айта жауыр болған сол баяғы қоқыс мәселесі. Бостандық көшесінің бойында сауда нүктелері бар кәсіпкерлер қалған қалдықтарын осы жерге тастайды. Қоқыс жәшіктері тек тұрмыстық заттарды лақтыруға арналған.
Алайда, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Ол аздай, бірде-бір кәсіпкер қоқыс шығару үшін келісімшарт жасаспаған. Соған қарамастан шашылып жатқан қоқысты «КоммунСевер» серіктестігі күн сайын шығарып отырады.

ТАЛАП НҰРСЕИТОВ, «КоммунСевер» ЖШС өкілі:
–  Бұл жер негізінен базардыкі.  Үлкен-үлкен қораптарды тастайды. Оларды мусоровоз ала алмайды. Кірпіш әкеліп лақтырып жатыр, жаңа өзім ұстап, алдырып тастадым.  Біз кірпіш шығармаймыз, машиналар сынады.

Ауа райы бұзылып, жауын жауса, мына жер одан сайын ластанады екен. Саудагерлер контейнерге жете алмай, қоқысты маңайына тастай салады.

ӘСЕМ АЙТОЛЛА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Осы маңайдағы барлық кәсіпорын иелерін «КоммунСевер» серіктестігімен келісімге отыруға шақырамыз. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорын бұл жердегі қоқысты тегін шығарып жатыр. 2017 жылдан бастап бізде қоқыстың тарифі көтерілмеді.

Айналаны шашып, талапқа бой ұсынбаған жандар жауапкершіліктен жалтара алмайды. Мәселен, жыл басынан бері полицейлер бірнеше рейдтік шара жүргізген. Нәтижесінде 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық
әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл мөлшері 800 мың теңгеден асып жығылады.

СЕЙІЛБЕК ЕЛЖАСОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ басшысының орынбасары:
–  Петропавл қаласының тазалығын бұзған азаматтарға ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабы бойынша ескерту немесе әкімшілік айыппұл салуға құқығымыз бар. Осы «Эльдорадо» маңындағы қоқысты шашқандармен сөйлесіп, ескерту, профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Жалпы, қалада тұрмыстық қалдық шығарумен 4 кәсіпорын айналысады.


Алтынай Казиканова