МТРА жаңалықтары

Жер учаскесі тегін беріледі

Алдағы уақытта “Солнечный-2” ықшам ауданының аумағы артады. Қаз-қатар тізілген үйлердің қатарына су жаңалары қосылмақ. Қала билігі жер кезегінде тұрған жандарға қосымша 1500-ден астам учаскені тегін беруге әзір. Қоғам белсенділері мен жастар мінген мына автобус қазір ауданды аралайды. Мақсат – төңірекпен танысу. Қоғамдық көлік ішінде облыс әкімі де болды. Жолда Құмар Ақсақалов инфрақұрылымның дайын екенін тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Мемлекет тарапынан 105 шақырым электр желісі, 72 шақырым су желісі тартылды, 54 станция және 78 шақырым жол салынды.

Әрқайсысы 10 сотықты құрайтын учаскелер тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуі қажет. Яғни, тек кезекте тұрғандарға берілуі қажет. Мұны облыс әкімі астын сызып тұрып айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Қалада 16,5 мың адам кезекте тұр. Жер ашық таратылуы қажет. Тек кезекте тұрған азаматтарға ғана бұйыруы тиіс.

Үйлерді халық өздері тұрғызады. 20-ға жуық дизайнерлік жоба әзірленіпті. Адамдар баспаналарын солар бойынша салуы тиіс. Шаруаға 3 жыл беріледі. Егер осы уақыт ішінде жерлестеріміз құрылысты бастамаса, арман болған аумақтар қайтадан мемлекетке өтеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бұл жерде 2-3 жылдан кейін мектеп салынатын болады.

Қала билігі кезекте тұрған жандарға алдағы қыста учаске үлестіруді жоспарлап отыр. Демек, көктемде құрылыс жұмыстары басталады. Айта кетейік, бүгінде шаһардың “Оңтүстік” атты ауданында да жеке тұрғын үй салу үшін төңірек дайындалып жатыр. Осыдан болашақта Петропавлдың қос қанатында 3 мың баспана бой көтеретінін ұғынамыз. Мұндай көлемдегі жер облыс орталығында соңғы 17 жылда бірде-бір рет берілмепті.


Байболат Култанов