МТРА жаңалықтары

Жас ақындар арасында сайыс өтті

 

«Жырлайды жас жүрек». Облыстық кітапханада осындай атаумен ақындар сайысы өтті. Қалам тербеуге жаны жақын жас нені жырлауы керек? Баршасына ортақ тақырып – туған ел турасында өлең арнау.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшысы
–  Келіп түскен өлеңдердің барлығы Отан, ел, туған жер туралы. Былай айтқандағ патриоттық өлеңдер жаздырдық балаларға. Екі тапсырма бердік: біреуі еркін тақырыпта – өзі қалаған өлеңін оқиды, екіншісі – біз айтқан тақырыпта. Жақсы өлең жаза білетін, ойлары шұрайлы, төрт аяғы тең басқан өлеңдер де бар екенін көріп біз қуандық.

Бүгін сайыс жолына 15 жас ақын түсті. Ең кішісі 10-да, ересегі 16-17 жаста. 15 қатысушы – әуелде өтінім түсірген 50-дің ішінен іріктеліп алынғандар.

Дәрия Смағұлова толқып тұр. 15 жастағы жеткіншек бірнеше ай бойы тебіреніп жазған туындысын талапшыл қазылар алқасына бүкіл мән-мағынасын жеткізе отырып оқып берсем дейді. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушысының 9 шумағы «Туған жер» деп аталады.

ДӘРИЯ СМАҒҰЛОВА, байқауға қатысушы
–  Көк туды желбіретіп. Осы туған жерімізді еркін сезініп, кең байтақ жерімізбен мақтан тұтатынымыз жайлы айтып кеткен болатынмын.

Байқауда қазылар алқасы әр қатысушыға әділ бағасын беріп, шабыттарына шабыт қосты. Ортада – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 5-ші сынып оқушысы Мөлдір Ерсай. Ол бүгінгі байқауда «Жапырақтар» туындысын ұсынды.

МӨЛДІР ЕРСАЙ, байқауға қатысушы
–  Менің осы өлеңді шығарған себебім, айналаға қараған кезде күздің құбылыстарын көрдім және күз де өте әдемі. Мысалға, жерге жапырақтар түсіп кілем төсеп қойғандай. Содан кейін күз мезгіліне арнап өлең шығардым.

Сонымен, облыстық байқаудың бас жүлдесін Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қарлығаш Қаратаева жеңіп алды. Ал 1-ші орынды қалалық Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Алдияр Исламбек иеленді.


Гульден Симбаева