Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан ел біріншілігі өтуде

Петропавлда спорттық акробатикадан ел біріншілігі бастау алды. Додада 6 облыстың 8 қаласынан келген 180-ге тарта спортшы бақ сынауда.

Ортада – Ақбота Жидебай мен Бехруза Абдуллаева. Спортшылар Тараз қаласынан келіп отыр. Қазір жеткіншектер “Алладин” музыкасының ырғағына билеп, түрлі тәсілдерді әрлі-берлі қарғып жүріп жасауда. Акробаттар бір-біріне әбден үйреніп алған. Ол өнерлерінен-ақ көзге анық көрінеді. Ақбота әріптесін жоғары көтереді, ал Бехрузаның жүзінен құлап кетемін-ау деген бір үрей байқалмайды. Жалпы, бұл жұптың құрылғанына 2 жыл болған екен.

АҚБОТА ЖИДЕБАЙ, жарысқа қатысушы, Тараз қаласы:
– Біздің бұл жарысқа деген дайындығымыз жақсы өтті. Бапкерлерімізбен күнделікті дайындалдық.  Бір-бірімізбен жұмыс істеу қиын емес. Татумыз. Бір қиындықтар туындаса өзара ақылдасамыз.

Ал ортада өнер көрсетіп жатқан алматылық “Кішкентай үштік” атты топтың құрылғанына небәрі екі ай. Петропавлдағы дода – олар үшін алғашқы беташар жарыс. Дегенмен де жекелей алғанда қыздардың бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Ұжымдағы ең кішісі 8 жастағы Алинаның өзі акробатикамен 1 жылдан бері айналысып келеді екен. Бүгін жеткіншектер сәтті өнер көрсетті. Олардың ұсынған нөмірлері көптің көңілінен шықты.

КСЕНИЯ ДУМИЧЕВСКАЯ, жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:
–  Тобымыз енді ғана құрылғандықтан бұл жарысқа қызу дайындалдық. Жексенбі күні ғана демалдық. Шыны керек, қателікке бой алдырамыз ба деп қорықтық. Бірақ, бүгінгі өнер көрсетуімізден кейін қорқынышымыз сейілді. Петропавлдағы додада жүлдеге ілігеміз деген ниеттеміз.

Петропавл төрінде өтіп жатқан додаға 19 жасқа дейінгі акробаттар қатысуда. Жарыста спортшылар 4 жас аралығы бойынша сынға түсуде. Ел біріншілігі 3 күн бойы өтеді.

АНДРЕЙ ЯМПОЛЬСКИЙ, жарыстың бас төрешісі:
– Жұптар мен топтар әр күн сайын ортаға шығып бір нөмірден көрсетеді. Төрешілер үш күн бойы спортшылардың қарым-қабілеттерін бағамдап, ортақ баға шығарады. Осылай жарыс жеңімпаздарын анықтаймыз. Әр облыс пен қаланың мықтылары жиналған жарыстың жеңімпазын анықтау оңай болмас.

Ел біріншілігі қарашаның 4-і күні аяқталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, грамоталармен марапатталады.


Алдияр Айтпаев