МТРА жаңалықтары

Интернет-алаяқтардан қалай сақтану керек?

 

Банк шоттарының нөмірін, құпиякодтарды ешкімге айтуға болмайды. Петропавлдық полицейлер темір жол колледжінің студенттері және оқытушыларымен кездесіп, интернет-алаяқтардан сақтану амалдарын айтты. Белгілі болғандай, айлакерлер жастардың кейбірін сан соқтырмақ болған.

ИЛЬДАР АБИЕВ, студент:
–  Мен кір жуғыш машинаны сату туралы хабарландыру жарияладым. Бәзбіреу қоңырау шалып, сатып алатындай көрінді. Алайда, алдымен тауарды пошта арқылы жіберуімді сұрады. Ақшасын, жеткізу қызметі үшін бәрін өзіміз төлейміз деді. Осыдан кейін күмәндана бастадым. Әдейі басқа нөмірден хабарласып: «Сіздер мені алдап соқтыңыздар, ақшаны қайтарыңдар»,-деп едім, бірден бұғаттап тастады.

Бүгінде өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, арам пиғылдарын іске асырғысы келетіндердің саны артып кетті. Осы ретте тәртіп сақшылары бөтен нөмірден хабарласқан жандардың қаржылық операция жайлы айтатын өтіріктеріне сенбеу қажеттігін еске салды. Одан да бірден банкке хабарласқан жөн.

ДАНИЯР ҒАЛИАҚПАРОВ, қалалық ПБ екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:
–  Кездесуде студенттер мен мұғалімдерге интернет-алаяқтықтың түрлері жайлы айттық. Айлакерлер қоңырау шалғанда не істеу керектігін түсіндірдік. Бейнероликтер көрсетілді.

Полицейлер жастармен бекерден-бекер кездесіп отырған жоқ. Қыз-жігіттердің таныстары көп, қоғам арасында жиі жүреді. Мамандар осыны ескеріп, жүздесуді шешкен. Шенділер жастар іс-шарада айтылғанмен көпшілікпен бөліседі деген сенімде.


Алтынай Казиканова