МТРА жаңалықтары

Әркімнің дауысы маңызды

Әркімнің дауысы маңызды. Қарашаның 20-шы жұлдызында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл күні саяси маңызды науқаннан ешкім шет қалмауы тиіс. Себебі, сайлау – халықтың билікке әсер ете алатын жалғыз заңды құралы. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев осылай дейді.

Павел Афанасьев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Сайлауға қатысу – бірлігіміздің белгісі. Менің ойымша, маңызды саяси науқанға қатысу әркімнің ерік білдіру бостандығы болып табылады. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің болашағы үшін таңдау жасауы керек деп есептеймін. Маңызды науқанға халық бір жұдырықтай жұмыла қатысып, өз таңдауын жасаса ел бірлігін де айғақтайды.

Сайлауға қатысу – болашағыңды таңдау деп бекер айтылмаған. Себебі, сол болашақтың іргетасын қалайтын – қазақстандықтар. Осындай саяси науқанда белсенділік танытып, патриот ретінде үн қатуға жастар да ат салысулары тиіс. Жалынды жастар – ел ертеңі.

Жанат Кәкімов, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі
– Мен өз кезегімде, барлық қазақстандық жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Аға буын өкілдері бізге зор сенім артып отыр. Қарашаның 20-сы күні әр отандасымыздың дауысы маңызды болады. Әрқайсысымыз өз таңдауымызды жасап, болашақты тек жақсы жаққа өзгертуге үлес қосуымыз керек.

Тура 18 күннен кейін елдің ертеңі үшін бүкіл қазақстандықтар өз таңдауын жасайды.


Дана Ешкенова