МТРА жаңалықтары

Жыл басталғалы өңірде 9 елік пен 2 бұлан заңсыз атылған

Қазір өзен-көлдердің бойында балықшыларды ғана емес, қолында рұқсат қағазы мен қаруы бар аңшыларды да көреміз. Олардың көздегені – дала құстары. Әрқайсысы қарашаның 30-ына дейін қанжығасына үйрек, қаз, қасқалдақ байлағысы келеді. Себебі, аққайыңдар өлкесінде бұл күннен қанаттыларды атуға тыйым салынады. Бүгінде өңірімізде арнайы санаттағы адамдарға тұяқты жануарларды да олжалауға болады. Тек желтоқсанның 31-ші жұлдызынан кейін елік пен қабанды қоржынға түсірсеңіз, заңмен жазаға тартыласыз.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
–  1-ші қарашадан, яғни бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысы аумағында түлкі, қарсақ пен қоянды қанжығаға байлауға болады. Жануарлардың бұл түріне аңшылық маусымы 15-ші ақпанға дейін жалғасады. Аңшылардың құлағына алтын сырға – заңның ала жібін аттамаңыздар! Сайын далада сауық құрмас бұрын арнайы ұйымдарға жүгініп, рұқсат қағазын алған жөн.

Қанша айтылғанымен, тыңдайтын құлақ жоқ. Олег Беспалов мырза бізге берген сұхбатында жыл басынан бері өңірімізде тіркелген сандарға тоқталды. Қаңтардың 1-інен бүгінгі күнге дейін облысымызда 100-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліпті. Аңшылар жазаланған. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 1 млн теңгеден асып жығылады.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
–  Сонымен қатар, биыл өңірде табиғатты қорғау заңнамасы 8 мәрте өрескел түрде бұзылды. 10-ға тарта браконьер 9 елік пен 2 бұланды заңсыз атқан. Қоршаған ортаға 20 млн теңгеден астам шығын келді. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотта қаралып жатыр. Шешім алдағы уақытта жария етілетін болады.

Сот шешімін күткендер және өзге браконьерлер мына жігіттен үлгі алуы қажет. Орман кезген аңшының алдынан аюдың өзі шықты. Қосауыз мылтықпен жануарды жер жастандыруға болады. Бірақ, азамат шүріппені баспады.

Оның атпайтынын аю да сезгендей. Аңшыға шабуыл жасамай, орман ішіне еніп кетті.


Байболат Култанов