МТРА жаңалықтары

Тұрғындардың «Коммунхоз-Петропавл» серіктестігіне қарызы 6 млн теңгеге таяп қалды

5 млн 800 мың теңге. Қала тұрғындары «Коммунхоз-Петропавл» серіктестігіне осынша көлемде ақша қарыз.

Борышкерлердің басым бөлігі – Хром зауыты, Ойқала мен Жұмысшы кенттерінің тұрғындары. Олар аталған кәсіпорынға атқарған қызметтері үшін 2013 жылдан бері төлем аудармай келген. Енді серіктестік келер жылдан бастап Хром зауыты мен Ойқала аумағын тазалаудан бас тартпақ ниетте. Яғни, жиналған қоқысты шығармайды.

Мұхит Молдахметұлы, «Коммунхоз-Петропавл» ЖШС бөлім басшысы:
– Хром зауыты, Ойқала және Жұмысшы кенттерінде біз 2013 жылдан бері қызмет көрсетудеміз. Бүгінде Хром зауыты тұрғындарының тек 20 пайызы ғана төлемді уақытылы төлеп отыр. Ал Ойқала мен Жұмысшы кенттері тұрғындарының 30-35 пайызы ғана коммуналдық шығын үшін ақы төлеуде. Қалған тұрғындардың 65-70 пайызы біз қоқысты пеште жағамыз деп түрлі сылтау айтып, ақшаларын төлемей отыр.

Ескі жиһаз, қираған заттар, түрлі қораптар мен ағаш бұтақтары. Осылардың барлығы қоқыс жәшіктеріне тасталады. Мұхит Молдахметұлының сөзінше, тіпті, пештен шыққан күл де сонда төгіледі.
Сөнбеген күлден қоқыс таситын көліктің өртенген кездері де болыпты.
Шығынға батқан «Коммунхоз-Петропавл» серіктестігінде бар-жоғы 4 машинаның өзі әбден тозған.

Мұхит Молдахметұлы, «Коммунхоз-Петропавл» ЖШС бөлім басшысы:
– Үлкен қоқыстарды, ауыр заттарды салғаннан кейін техникамыз қирайды. Оны жөндеу біраз уақыт алады. 00:43 Оған қоса біздің тариф өте арзан. Ол ақшаға біз не жанар-жағармай, не техникалық құралдарымызды жаңарта алмай отырмыз. Жұмысшыларға жалақы төлеуде қиындады. Біз керісінше шығынға батып жатырмыз.

Сол себепті, «Коммунхоз-Петропавл» серіктестігі екі бірдей ауданда қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Қаңтардың 1-інен Хром зауыты мен Ойқала кенттерінен қоқыс шығарылмайды. Бұл жайында тұрғындар хабардар. Басқа қоқыс шығаратын компаниялар бұл аудандарды өз қарамағына ала ма, жоқ па, әзірге, белгісіз. Осы ретте айта кетейік, Петропавлда қоқыс шығарумен 4 кәсіпорын айналысады.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы
– Жеке сектор тұрғындарының басым көпшілігі қоқыс шығару қызметіне ақы төлемейді. Сол себепті, осындай мәселе туындауда. Қазіргі таңда қалалық әкімдікте қоқыстың тарифін көтеру мәселесі қарастырылуда. Бізде тариф 2017 жылдан бері көтерілген жоқ. Көпқабатты үйлерде – 215 теңге, ал жеке секторларда – 235 теңге.

Тарифтің қаншаға көтерілетіні әлі белгісіз. Бұл мәселе алдымен мәслихат депутаттарының қатысуымен өтетін қоғамдық кеңесте қарастырылады.


Дана Ешкенова