МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Шуақты әлем” атты фестиваль өтті

Жастар сарайында “Балалар жылы” аясында «Шуақты әлем» атты облыстық фестиваль өтті. Мұнда ерекше ұл-қыздар өз өнерлерін ортаға салды. 8 бен 18 жас аралығындағы қатысушылардың саны 110-нан асады. Олардың 75-і аудандардан келіпті. Салтанатты шараның шымылдылығын еліміздің мақтанышы «Сенситив» би ансамблі ашты.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол қатысушыларға сәттілік тілей келе, жас ұрпақ еліміздің ертеңі екенін айта кетті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– «Шуақты әлем» балалар шығармашылығы фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймыз. Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Балалар жылына” арнады. Бүгінгі фестиваль осыған орай ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл аудару қажет екенін баса айтты. Жас ұрпақтың жағдайын жасау – біздің басты міндетіміз.

Талантты жастар 6 номинация бойынша бақ сынады: вокал, хореография, өлең оқу, аспаптық шағармашылық, сурет салу және қолөнер бұйымдарын жасау. Көрмеге 60-қа жуық баланың жұмысы қойылыпты.

Әншілердің барлығы дарынды. Сахнаға бірінші болып Самира Самомбетова шықты. 15 жастағы бұрымды Жамбыл ауданына қарасты Железное ауылынан келіп отыр. Ол “Ата мен әже” атты туындыны орындап берді.

САМИРА САМОМБЕТОВА, байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:
– Бұл әнді атам мен әжем сүйіп тыңдайды. Сол себепті, осы туындыны таңдадым. Фестивальге 3 апта бойы дайындалдым. Сахнаға шығар алдында қобалжу болды. Бірақ, мен оны жеңе білдім.

Карина Мейрам мен Санжар Бағытжан – Қожаберген жарау атындағы №6 орта мектебінің оқушылары. Олар – бұл байқауда домбыраның құлағында ойнайтын жалғыз қатысушылар. Қазір сахнаға шығып, көрерменді тәнті етпек.

КАРИНА МЕЙРАМ, байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:
– Біз попурри орындаймыз. “Көңіл толқынынан” бастаймыз, кейін “Ерке сылқымды” ойнаймыз. Сосын мен “Секіртпені” жалғыз ойнай бастаймын. Біз онша қобалжып тұрған жоқпыз. Себебі, бір-бірімізге сенеміз.

ЕЛЕНА СЕМОДОЦКИХ, “Шуақты әлем” облыстық балалар шығармашылығы фестивалінің ұйымдастырушысы:
– Бұл – біздің облыстық деңгейдегі алғашқы шығармашылық фестиваліміз. Алдағы уақытта тағы балаларға арнап осындай шаралар ұйымдастырып отырамыз. Талантты жастар өз өнерін жоғары деңгейде көрсетіп жатыр. Мақсатымыз – дарындарды анықтау, олардың дамуына үлес қосу.

Шара соңында балалар әр аталым бойымша грамотамен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.


Гульден Симбаева