Өңірде ең үлкен тауарлы-сүт фермасы өз жұмысын бастады. Су жаңа кешен Ғ.Мүсірепов ауданындағы Березовка ауылы маңында орналасқан. Өндіріс орны голштино-фриз тұқымды 1800 бас ірі қараға шақталған. 3 млрд теңге инвестиция құйылған нысанның ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл – облыстағы, тіпті, еліміздегі ең үлкен тауарлы-сүт фермаларының бірі. Тиісінше, өндіріс орнының еңбек өнімділігі аса жоғары. Жергілікті ағайын жұмыспен қамтылады. Облысымызда өндірілетін сүт өнімдерінің көлемі де артады.
Бүгінде фермада 560 ірі қара бар. Әзірге, оның 144-і сауылады. Әр бастан тәулігіне 27-28 литр сүт алынады. Жақын арада мұнда тағы 374 тұяқты жеткізілмек.
НҰҚАЕВ АБДУРАХИМ, “Возвышенка СК” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов:
– Жақында мал саны 900-ден асады. Бұл сүт көлемінің ұлғаюына ықпал етеді. Жоспар бойынша біз бір тәулікте 40 тонна ақ алуға ниеттеніп отырмыз. Өнімді жергілікті компанияларға саудалаймыз.
Қазір фермада 30 адам еңбек етіп жатыр. Толық қуатқа көшкен кезде қызметкерлердің саны 45-ке жетпек. Валерий Козлов өндіріс орнына осыдан бір ай бұрын орналасқан. Ол малды азықтандырумен айналысады.
ВАЛЕРИЙ КОЗЛОВ, ферма жұмысшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы.
– Өзім Рузаевка ауылының тұрғынымын. Әйелім осы серіктестіктің асханасында еңбек етеді. Жалақылары жақсы. Жұмысқа үйден алып кетіп, әкеп отырады.
Осымен Ғ.Мүсірепов ауданында тауарлы-сүт фермаларының саны 6-ға жетіп отыр. Алдағы уақытта тағы екеуінің таспасы қиылмақ.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі күні елде 35 тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Оның 17-сі өңірімізде бой көтеруде.
60/11 Бұл жерлерде білімді мал дәрігерлері болу керек. Оларға жоғары жалақы төленуі тиіс. Ал өнім аз болса, ферма оны төлей алмайды. Республикадағы барлық сүт өнімдерін есептесек, 25%-ы Солтүстік Қазақстан облысында шығарылған тауар екендігіне көз жеткіземіз. Алдағы уақытта көрсеткішті 30%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
“Ол үшін өзге агроқұрылым иелері тауарлы-сүт фермаларын көптеп тұрғызуды ойластыруы керек”,- дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Мұны өңір жетекшісі Ғ.Мүсірепов ауданының шаруаларымен кездесу барысында айтты. Салыстырмалы статистикаға кезек берейік. Биыл өңірде 670 мың тонна сүт өндіріліпті. Бұл былтырғы жылдан 40 мың тоннаға көп.
Алдияр Айтпаев