Спорт

Маусым соңындағы жеңіліс

Маусым соңындағы жеңіліс! Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі аяқталуға жақын. Сенбі және жексенбі күндері Қазақстанның бірнеше қаласында 25-ші тур ойындары өтті. Бұл жолы жергілікті “Qyzyljar” азулы “Astana”-ға қарсы тұрды. Елордалықтар Петропавлда жеңіске жетсе, “Аktobe”-нің алдын орап турнирлік кестеде бірінші орынға шығады. Осыны жақсы білетін қонақтар салған жерден алға ұмтылды. Дегенмен, қызылжарлықтардың қорғанысын бірден бұзу мүмкін болмады. Есеп 40-шы минутта бір-ақ ашылды. Көзге түскен – соңғы уақытта қанжығасын жиі майлап жүрген шабуылшы Абат Айымбетов. Ұлттық құрама ойыншысы айып алаңының ішінде өзіне серпілген допты қақпаның “тоғыздығына” тура бағыттап, торда тулатты. Бас қаланың жігіттері екінші таймда басымдықты арттырды. Голдың авторы – португалиялық жартылайқорғаушы Педро Эуженио. Жеңілістен кейін “Qyzyljar” 12-ші сатыға жайғасты. Биылғы маусымдағы соңғы қарсылас – ақтаулық “Caspiy”. Матч қарашаның 6-сы күні “Қарасай” стадионында өтеді. Бұл кездесуде жеңіс теріскейліктерге ауадай қажет. Ұпай жоғалтқан жағдайда клуб премьер-лигамен қош айтысып, келесі жылы бірінші лигада ойнауы мүмкін.


Байболат Култанов