МТРА жаңалықтары

Қылмыстық іске нүкте қойылды

 

Бұл – шіліңгір шілдеде Петропавлда өткен сот отырыстарының бірі. Судья экономикалық контрабанда жасау, трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған қатысу, заңсыз алынған қаражатты заңдастыру сынды айып тағылған 4 жігітке қатысты үкімді оқыды.

ЕРЛАН НҰРШАРЫПОВ, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
– Сотталушылар кінәсіз деп танылсын. Тексеріс барысында олардың Евразиялық Экономикалық Одақ шекарасы арқылы Жапониядан көлік тасымалдамағаны анықталды. Күдіктілер жалдамалы қызметкерлер ретінде Ресейден машина жеткізіп отырған. Осы себепті, сотталушылар сот залынан босатылсын. Ал тәркіленген темір тұлпарлар кері қайтарылсын.

Әрине, мұндай шешім 1,5 жыл тергеу изоляторында отырып, сотталуға шақ қалған жігіттердің, олардың жақындарының көңілінен шықты. Қуаныштарында шек жоқ. Бір-бірін құшақтап, құттықтап жатыр. Дегенмен, қуаныш көпке созылмады. Заңға сәйкес облыстық прокуратура сотқа қайта жүгінді. Тиісінше, фемида өкілдері материалды кезекті мәрте қарауға кірісті. Содан 4 айға жуық уақыт өте шықты. Қайтадан сот залы, қазір қайтадан үкім оқылмақ. Әзірге, істі болған азаматтардың жүзінен қорқыныш сезімі байқалмайды. Көп ұзамай ішке судья кірді. Жиналғандар орнынан тұрды.

ВЛАДИМИР КИРИЛЕНКО, СҚО сотының судьясы:
–  Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жеке үкім шығарды: аппеляциялық шағым қабылданбасын, шілденің 11-і күні шығарылған үкім сол күйі қалсын.

Сонымен, бүгін қылмыстық іске нақты нүкте қойылды. Үкім оқылғаннан кейін облыстық соттың судьясы Владимир Кириленко жиналғандарды отырғызып, не себепті мұндай шешім шығарылғанын түсіндіріп берді.

ВЛАДИМИР КИРИЛЕНКО, СҚО сотының судьясы:
–  Өңірімізге жеткізілген көліктердің Ресейде тіркелгені анықталды. Тергеу кезінде айыптаушы тарап бізге күдіктілердің Ресейде әріптестері барын, солар арқылы сырттан көлік әкелінетінін айтқан болатын. Бірнеше қалада тиянақты тексеріс жүргізілді. Нақты дәлелдер ұсынылды. Біз соларға сүйене отырып экономикалық контрабанда жасалмағандығына, трансұлттық ұйымдасқан топ құрылмағандығына көз жеткіздік.

Бүгін екінші үкімді тыңдаған жігіттер Ресейден жалпы саны 254 көлік жеткізіпті. Енді олардың барлығы сатып алған иелеріне қайтарылмақ. Айта кетейік, қазіргі таңда темір тұлпарлар айып тұрағында тұр.


Байболат Култанов