МТРА жаңалықтары

Орман шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

 

 

Жасыл желекті жазы-қысы қорғау, қорын ұлғайту, уақытымен үлестіру – қаз-қатар сап түзеген мына кісілердің негізгі міндеті. Биыл облыста орман шаруашылығының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай сала өкілдерінің басы Петропавлда қосылды. Атаулы датамен жиналғандарды өңір жетекшісінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрметті қауым, сіздерді мерейтоймен және Орман шаруашылығы қызметкері күнімен құттықтаймын. Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде алдағы 5 жылда 2 млрд түп көшет егілуі тиіс. Оның 100 млн жуығы біздің облыста өсірілуі қажет. Міндетті орындау үшін биліктен тұрақты түрде қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, өңір аумағындағы шаруашылықтарды жаңа техникамен және қондырғылармен қамту үшін соңғы 2 жылдың ішінде жарты млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Көмек келешекте де көрсетіледі.

Мерекеде бір топ маман мен сала ардагері қошеметке бөленді. Оларға түрлі дәрежедегі марапат табысталды.

Өмірсерік Қаратаев – Ақан сері орман шаруашылығының директоры. Көпшілік алдында азаматқа Құрмет грамотасы табысталды. Министрліктен жолданған марапатта “Адал жұмысы, кәсіби шеберлігі, қойылған міндеттерді шешуге қосқан жеке үлесі үшін” деп жазылған. Ағамыздың 2 қызы бар. Олар әке жолын қумапты.

ӨМІРСЕРІК ҚАРАТАЕВ, Ақан сері орман шаруашылығының директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Жолдасым екеуіміз бір институтта, бір факультетте оқыдық. 89-шы жылы осында келдік. Қыздарым бар. Олар да табиғатты жақсы көреді. Бірақ, бұл өмірде әркімнің өз жолы бар.

Іс-шарада ән де шырқалды. Атаулы датаға байланысты ұйымдастырылған жиында сала өкілдері жергілікті өнерпаздардың құттықтауын қабылдады.

Айта кетейік, бүгінде облыстың орман шаруашылығы саласында 750-ден астам маман еңбек етеді.


Байболат Култанов