МТРА жаңалықтары

Жеделсаты төңірегінде туындаған дау

 

Даудың басы – лифт. Батыр Баян көшесі, 32 мекенжайындағы 9 қабаттың үйде жеделсатының орнатылғанына 28 жыл өткен. Жоғарғы қабатта тұратын жандар қолдану мерзімі 25 жылдан аспауы тиіс жабдықпен жүруге секем алып отыр. Өйткені, бірнеше рет істен шыққан.

АЛЕНА СЕРИКОВА, үй тұрғыны:
–  Бұл үйде тұрып жатқанымызға 6 жыл болды. Осы уақыттың ішінде жеделсатының жиі қирайтынын байқадық. Лифті кенет әрі қатты жабылып қалады. Өзімнің үш жасар балам бар. Сол үшін алаңдаймын.

Жарамдылық мерзімі 25 жыл деп бекітілген лифтіні ауыстыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен, үй тұрғындарының бір бөлігі бұған қарсы. 4 подъезді үйдің тұрғындары арасында туындаған келіспеушіліктің түйіні осы жылдың ақпанынан бері тарқамай келеді. Бірнеше рет жиналыс өткізілсе де ортақ шешімі жоқ.

БЛИЦ:
– Жеделсатыларымыз жақсы жұмыс істеп тұр. Қандай да бір олқылық болса, бірден жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Лифтіні ауыстыру үшін техникалық сараптама жүргізіліп, жеделсаты қолдануға жарамсыз деп танылуы қажет. Тиісті тексеріс тамыз айында жүргізіліп, жеделсатының жағдайы жақсы делінді.

Төменгі қабатта тұратындарға лифтіні пайдалану аса қажет емес екендігі белгілі. Бірақ, олар пайдаланбайтын жабдық үшін көппен бірге несие алуға құлықсыз.

ӘЛФИЯ ҒАЙФУЛЛИНА, «Батыр Баян, 32» ПИК бастамашыл тобының мүшесі:
– Ақпан айында тұрғын үй инспекциясының өкілдері келіп кетті. Жеделсатыларды ауыстыру үшін “Нұрлы жер” бағдарламасы бар екенін түсіндірді. Бөлінетін қаражат көлемі, әр подъезге орнатылатын лифтінің құны 15 млн теңге екендігін айтты. Сомасы әр үйге шаршы метрге сай есептелінеді. Сол бір жеделсатының құнын 15 жыл бойы өтеу қажет. Бұл біздің көңілімізден шықпай отыр.

Бірлік болса береке де болады, бірақ мұндағы жағдай аққу, шортан һәм шаянның күйін елестетеді. Тұрғындар осы мәселеге қатысты құжаттардың рәсімделуіне де күдікпен қарап отыр.

ГАЛИНА ЛЯЛЬЧЕНКО, «Батыр Баяна, 32» ПИК төрайымы:
–  Негізі, жеделсатыларымыздың жағдай нашар. Балалар бірнеше рет ішінде қалып қойған жағдайлар да болды. Лифтілердің қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Алайда, орнатылғандарына 28 жыл болды. Жеделсатыны орнатуды 168 тұрғынның 80-і қолдап отыр.

ПИК төрайымы Галина Ляльченко мәселенің түйіні тарқамаса сотқа жүгінеміз дейді.


Самал Жунусова