МТРА жаңалықтары

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу

Эктремизм мен терроризм – қазіргі уақытта қоғамды қатты алаңдатып отырған өзекті меселелердің бірі. Сондықтан, бұл проблемамен күресу үшін көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Бүгін осы тақырыпта облыстық кітапханада оқыту семинары өтті. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дін саласындағы жетекші сарапшылар қатысты. Араларында Ақтөбе облысынан келген білікті теолог Төлеген Талдыбаев та бар. Маманның сөзінше түрлі теріс пиғылды ағымдардың ықпалына көбіне діни сауаты аз жандар ілігіп жатады. Осы орайда маман семинар барысында діни мәтіндерге толығырақ тоқталып өтуді жөн көрген.

Төлеген Талдыбаев, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің Ақтөбе қаласындағы бөлімшесінің директоры
– Дәстүрлі емес бағытқа өтетін азаматтардың барлығы осы діни мәтіндерді дұрыс түсінбейді немесе оларға дұрыс ақпарат бермейді. Қазір біз ашық қоғамда өмір сүреміз. Кез келген тіл білетін азамат әртүрлі ақпарат ала алады. Ақпарат өте көп. Бірақ, өскелең ұрпақ арасында сол ақпаратты сұрыптап, анализ жасау кезінде проблемалар туындайды. Бұл проблема жаңадан пайда болған проблема емес.

Ал елордадан ат терлетіп келген дінтану магистрі Дианна Есенова
теріс діни ағымның жетегінде кеткендердің басым бөлігі әлеуметтік желі қолданушылары дейді. Ғаламторда жиі отыратын адамдарды жалған ақпаратқа сендіру оп-оңай көрінеді.

ДИАННА ЕСЕНОВА, “Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы” КЕ АҚ басқарма төрағасының орынбасары
– Бүгінде барлығымыз да ұялы телефонға, гаджеттерге тәуелдіміз. Уақытымыздың басым бөлігін интернетте өткіземіз. Онда көптеген теріс ағымдағы ұйымдар жетерлік. Кей адамдар сенімшіл болғандықтан экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Осылайша арам пиғылды жандардың сөзіне ұйып, артынан ереді. Мұндай жағдайлар өте көп. Сондықтан, ғаламтор кеңістігінде абай болу қажет.

Дианна Есенова ата-аналарға да балалары интернетте
қандай аудиожазбалар мен бейнероликтерді жиі көретініне мән беру керек дейді.


Дана Ешкенова