Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғындардың базынасы тыңдалды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кезекті мәрте қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жолы 4 адамның мәселесі қаралды. Нарғиза Мұхиддинова – жалғызбасты ана. 5 бала тәрбиелеп отырған келіншек пәтер жалдап тұрады. Арманы – өз үйіне, өлең төсегіне қол жеткізу. Мақсатқа жету үшін жатпай-тұрмай еңбек етіп те жатыр. Оған үлкен ұлы көмектеседі. Ол отбасындағы қаржылай қиындыққа байланысты оқуын тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болыпты.

НАРҒИЗА МҰХИДДИНОВА, қала тұрғыны:
– Үлкен балам Алматыға оқуға түсті. Бірақ, менің қиналғанымды көріп, оқуынан шығып кетті. Грандқа түсті. Қиналып келіп отырмын.

Тұрғын жайдың жоқтығын, Алматыға арман қуып аттанып, артынша қайтып оралған ұлы жайлы айтқан ана көзіне еріксіз жас алды. Жерлесіміз пәтер кезегінде тұр. Бүгінде 205-ші орында екен. Осы орайда айта кетейік, желтоқсан айында петропавлдық көпбалалы аналар үшін салынып жатқан үйлер тапсырылады. Бірақ, олардан базына арқалаған келіншекке баспана бұйырмайды. Басқа амал қарастыру қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздің мәселеңізді “Отбасы банк” арқылы шешуге болады. Президенттің тапсырмасы бойынша пәтерақының 50 пайызын банк төлейді. Келісім жасау керек.

Демек, 60 мыңның жартысын “Отбасы банк” өтейді. Қаржы ұйымы облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаев қолдау көрсетілетіндігін айтты. Құмар Ақсақаловты грантқа түсіп, жоғары оқу орнынан шығып кеткен ұлдың мәселесі қатты қынжылтқанға ұқсайды. Жүздесу соңына таман күрсіндіретін жағдайға қайта оралды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Осы жерге, біздің университетке ауыстырып алуға болатын шығар? Оқиды, өзіңіздің қасыңызда болады.

Құмар Ақсақалов мәселені қарастыруға уәде берді. Ал, бұл – баспаналы болған жандар. Алайда, жүздерінен қуаныш сезімі байқалмайды. Назарбаев көшесі бойындағы су жаңа үйлердің біріне орналасқан тұрғындарға жылу да, тіршілік көзі де жақында ғана беріліпті.

РУСТАМ АМАНЖОЛОВ, қала тұрғыны:
–  Проблемы остались. Надо асфальтировать двор, поставить детскую площадку.

Бұл баспананы “AShstroy” атты серіктестік тұрғызыпты. Өткен жылдың басында тапсырылуы тиіс тұрғын жай жақында ғана берілген. Абаттандыру жұмысы да құрылыс сияқты созылып кетуі мүмкін. Қоғамдық қабылдауға келген көршілер осыны алға тартады. Кездесуге компания басшысы Әміржан Шәкей де қатысты. Азамат шаруа келесі жылы соңына жететінін жеткізді.

Амангелді Сыздықовтың да мәселесі 2023-те шешілуі ықтимал. Петропавлға бірнеше бағытта жолаушы тасымалдайтын кәсіпкер тарифтің төмендігін айтады. Ойландыратыны, өзге тасымалдаушыларда жоғары.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Өзге кәсіпкер 10 теңгемен жолаушы тасымалдаса, Амангелді ағамыз заңмен бекітілген 7 жарым теңгені ұстанады. Бұл мәселеге кімнің қатысы бар?

АМАНГЕЛДІ СЫЗДЫҚОВ, жеке кәсіпкер:
–  Мына тарифтерді ЖКХ-ның қызметкері өздігімен бекіткен. Барлығында 7 жарым теңге болу керек.

Бұл мәселеге қатысты тексеріс керек. Соның қорытындысы бойынша келесі жылы тариф те өзгеруі мүмкін.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Фактілерді тексереміз. Барлығы бір талап бойынша жұмыс істеуі керек.

Қоғамдық қабылдауға соңғы болып “Солнечный-2” ықшам ауданының тұрғындары келді. Оларды түрлі мәселе толғандырады. Ең өзектісі – жарық. Мұнда үйлер мен көшелер табиғи құбылыстардан емес, адам қолынан жиі қап-қараңғы болып тұрады.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– 23 октября была авария. Причина – воробство.

Ұрылар қосалқы станциясындағы құны 8 млн теңге тұратын дүниені қолды қылған. Салдарынан аудан тұрғындары 2 күн жарықсыз отырған. Тұрғындар енді мұндайға жол бермес үшін дабыл түймесі мен бейнекамералар қоюды сұрайды. Шаһар басшысы қазір күзет агенттігімен келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Қабылдауда “Солнечный-2”-ге мектеп қажеттігі туралы да сөз қозғалды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Уже эскизный проект у нас есть. Мы должны со следующего года начать строить.

“Солнечный-2” тұрғындары облыс әкімінен тағы балабақша тұрғызуды, автобус маршрутын ұзартуды, суағарлар салуды сұрады.


Байболат Култанов