МТРА жаңалықтары

«Прометей Агро» серіктестігі 8 отбасыны үймен қамтымақ

 

Есіл ауданындағы Заградовка ауылын көпшілік біледі. Мұндағы «Прометей Агро» серіктестігі жұмысшыларына бар жағдай жасауда. Соңғы 4 жылдың ішінде агроқұрылым 12 отбасыны баспанамен қамтыған. Ал биыл 8 жанұяға су жаңа үй кілттерін табыс етпек. Құрылыс барысымен серіктестік директоры Юрий Шоль таныстырды.

Юрий Шоль, “Прометей-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы
–  Баспанада қажеттінің барлығы болады. Су кіргізіледі. Түрлі тұрмыстық техника алдағы уақытта қосылады. Сонымен қатар, Заградовкада дәмхана салдық. Ауыл тұрғындары сол жерде бос уақыттарын өткізеді, тамақтанады.

3-4 бөлмелі үйлердің құрылысы жыл соңына таман аяқталады. Агроқұрылым күшімен баспананың қасынан қора да салынбақ. Жер жеткілікті. Болашақ қоныс иелері өздігімен монша да тұрғыза алады. Юрий Шоль мұндай қадамға жұмысшылар қатарын сақтап қалу үшін барып отырғанын айтады. Қазір серіктестікте 50 адам еңбек етеді. “Кетемін, өзге жаққа ауысамын” дейтіндер жоқ дейді. «Прометей Агро» ауылға да көңіл бөледі. Мына жабық үлгідегі хоккей корты осыдан 7 жыл бұрын салынған.

Юрий Шоль, “Прометей-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы
– Біз жыл сайын жергілікті хоккейшілерді керекті заттармен қамтамасыз етіп отырамыз. Желтоқсан айынан бастап бұл жерде үйірме өткізіледі. Оған қатысушы балалар спорт түрінің қыр-сырын меңгереді.

Үй жайына қайта оралайық. Баспаналар 50/50 жүйесімен салынып жатыр. Нысанның құрылысына жұмсалған ақшаның жартысын мемлекет өтейді. Ал қалғанын агроқұрылым көтереді.


Гульден Симбаева