Білім

“Педагог” кәсіптік стандарты қабылданды

 

Педагог өз қызметін қандай деңгейде ұйымдастыруы керек? Оқушыларға тақырыпты қызықты әрі есте қаларлықтай ету үшін қандай тәсілдерді қолданған жөн? Осы және өзге де маңызды ақпараттар “Педагог” кәсіптік стандарты жобасында айқын жазылған. Құжатта ұл-қыздарды тәрбиелеуге баса назар аударылып отыр әрі жас ұстаздардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту жолдары да қарастырылған. Бұл – ел тарихындағы педагогика бойынша қабылданған екінші құжат. Алғашқысы 2017 жылы жүзеге асырылды. Жаңа жобаның ерекшелігі – 4-ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы талаптарға сәйкес жасалуында. Бүгінде қабылданған дүниені ел бойынша талқылау жұмыстары жүргізілуде. Науқаннан жергілікті университет те шет қалмады.

АЙГҮЛ АЙТЫМОВА, Қозыбаев университеті “Педагогика және психология” кафедрасының аға оқытушысы:
–  Ұстаздардың мойнына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Мұғалім балаға деген сүйіспеншілік қасиетін қалыптастыруы керек, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Сол үшін “Педагог” кәсіптік стандарты жобасы қабылданды. Онда мектепке барған жас маман педагогика саласына енгеннен бастап өзінің кәсіби жетілуіне дейінгі қандай қасиеттер, қандай құзыреттіліктер, қандай талаптар орындалуы керектілігі қарастырылған.

Жаңа кәсіби стандарт жас педагогтардың жұмысқа жылдам бейімделіп кетуіне септеседі. Бағыт-бағдар беруші нұсқаулық десек те болады. Университет студенті Аружан Сағидуллаева жобамен толықтай танысып үлгермесе де негізгі мазмұнын ұққан.

АРУЖАН САҒИДУЛЛАЕВА, Қозыбаев университетінің студенті:
–  Мен “Педагогика және психология” мамандығының 4-курс студентімін. Өзіме балалармен жұмыс істеген ұнайды. Сол себепті, осы мамандықты таңдадым. Бұл құжатта өзіме ұнаған бөліктері – балалармен жұмыс жасау барысында педагогтердің жаңашылдығын айқындауында және мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді. Көшбасшылық қасиетті дамытуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

Айта кетсек, жобаны Назарбаев Зияткерлік мектебінің дербес білім беру ұйымы әзірледі. Жалпы, бүгінде Қозыбаев университетіндегі “Педагогика және психология” кафедрасында 150-ге жуық студент білім алып жүр.


Алтынай Казиканова