МТРА жаңалықтары

Өңірде заңсыз қоқыс үйіндісі көп

 

Өңірде заңсыз қоқыс үйінділерінің саны артпаса, кемитін емес. Биылдың өзінде аймақта 233 санкцияланбаған полигон анықталған. Оның 4-еуі облыс орталығының ішінде. Бүгінде оның 3-еуі жойылыпты. Ал Қызылжар ауданындағы дерек мүлде бас шайқатады. Мұнда бақандай 63 орын белгілі болған. Экология департаменті басшысының сөзінше, қара тізімге енген жерлердің 52-сі жойылған.

Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– Айыртау ауданында 19 заңсыз үйінді табылды. Оның 17-сі жойылды. Аққайың ауданында 20 санкцияланбаған жер учаскесі анықталды. Оның 15-сі жойылды.

Анықталды, жойылды. Бүгінгі күнге дейін облыста 233 санкцияланбаған полигонның 213-і жойылыпты. Осы күні аймақта заңдастырылған 12 қоқыс төгу алаңы бар. Экология департаментінің мамандары ол аумақтарда жиі жоспардан тыс тексеріс жүргізіп тұрады. Нәтижесінде заңды учаскелердің өзінде бірқатар олқылық анықталған көрінеді. Бұзушылықтардың көбі «Қызылжар Тазалық» серіктестігіне қатысты.

 Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– ҚТҚ полигонында коммуналдық қалдықтарды жағу, ҚТҚ сұрыптау ішінара жүргізіледі. Машиналардың бір бөлігі қалдықтарды картаға қарамай түсіреді. Кәсіпорын ҚТҚ полигонында қалдықтарды жинау технологиясын сақтамайды. Тасымалданатын торлы қоршаулар жоқ.

Осындай олқылықтарға жол берген «Қызылжар Тазалық» серіктестігіне 252 мың теңге көлемінде айыппұл салынған және бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген.


Дана Ешкенова