МТРА жаңалықтары

Қайролла Мұқановқа арналған мұражай-кабинет

 

Бұл – Тимирязев ауданындағы Дмитриев орта мектебі. Мұнда 1943-49 жылдары солтүстікқазақстандық қоғам қайраткері, тарихшы-өлкетанушы Қайролла Мұқанов тәлім алған. Жерлесіміз сол кезде жетіжылдық мектепті бітіріп, 52-ші жылы Октябрь ауданындағы орта мектепті күміс медальмен аяқтаған. Кейін Алматыдағы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі.

ҚАЙЫРЖАН САҒЫНБАЕВ, Дмитриев орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:
– Соны бітіріп, елге қайтып келеді. Солай Октябр ауданындағы Хрущев орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Ал бір жылдан кейін Городецкий орта мектебінің директоры болып тағайындалды. 1995 жылы Қайролла Мұқанов облыстық оқу бөліміне зерттеуші, аға оқытушы болып ауысты. Ол жерде зейнетке шыққанша дейін жұмыс істеді. Бірақ, зейнетке шыққаннан кейін ары қарай да жұмысын жалғастыра берді.

Биыл ұлағатты ұстаз әрі жазушы көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Жерлесіміздің мерейтойына орай өткен жылы Дмитриев орта мектебінде Қайролла Мұқанұлына арналып мұражай-кабинет ашылды. Мұнда қаламгердің өмірінен сыр шертер фотосуреттер мен қолданылған заттары қойылған.

ҚАЙЫРЖАН САҒЫНБАЕВ, Дмитриев орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:
–  Осыларды әкелген ұл-қыздары мен жолдастары. Мұражай ашылғасын осында болсын, балалар көрсін, мұражайды ары қарай дамыта беріңіз деп әкелді.

Мұражай-кабинетте Қайролла Мұқановтың шығармалары мен ғылыми жұмыстары да тұр. Мектеп мұғалімі Қапар Абдрахмановтың айтуынша, жазушы педагогика саласына зор үлес қосқан.

ҚАПАР АБДРАХМАНОВ, Дмитриев орта мектебінің мұғалімі, Тимирязев ауданы:
–  Қайролла Мұқанов педагогикалық тақырыпта 30-дан астам кітап жазған. Барлығы мұражайымызда сақтаулы тұр. Оқушыларға мұнда тәрбие сағаттарын өткіземіз. Жерлесіміздің өмір және еңбек жолымен таныстырамыз.

Қайролла Мұқанұлына арналған мұражай-кабинетте барлығы – 200-ге жуық жәдігер бар. Алдағы уақытта шағын музей қоры Алматыдан жеткізілген экспонаттармен толығады.


Самал Жунусова