МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды

 

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Ауыл шаруашылығы – жәрмеңкесі петропавлдықтардың сүйікті шараларының бірі. Табиғи таза, ауылдың иісі аңқыған өнімді алу үшін жерлестеріміз таңмен таласа тұрып, қаламыздың орталық көшелерінің біріне жиналады. Бүгін мұндай іс-шара Мағжан Жұмабаев көшесінде қанат жайды. Мұнда “Өңір берекесі” жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жиналған қауымның қарасы қалың.

Мұндай жәрмеңкелер өнімнің табиғи тазалығымен қатар бағасының қолжетімділігімен де ерекше. Қазір тауар түрлері 15-20%-ға арзан бағамен сатылып жатыр. Мәселен, ірі қара етіне деген орташа баға – 1800 теңге, 10 жұмыртқа – 370 теңге, ал 1-ші сұрыпты ұнның келісі 220 теңге деп белгіленген. Көптің сұранысына “Жаңа құс” құс фабрикасының өнімі ие болып отыр. Қазір бройлер еті сатылып жатқан шатыр алдында ұзын-сонар кезек. Айта кетейік, аталған кәсіпорын жақында ғана іске қосылды. Соған қарамастан серіктестік өкілдері өнімдерін өңірде ғана емес, Астанада өткен жәрмеңкеге де апарып сатыпты.

РАДИЙ КУШЕРБАЕВ, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС басшысы:
– Бүгінгі жәрмеңкеде өзіміз өндіретін барлық тауар түрін ұсынып отырмыз. Шамамен 1,5 тонна ет әкелдік. Өндірушілер өзіміз болғаннан кейін дүкендегі бағалардан арзанға сатылуда. Келісі шамамен 1100-1200 теңге. Қазіргі таңда қаладағы базарларда өз нүктелеріміз бар.

Жәрмеңкеге облысымыздың 13 ауданының және облыс орталығының кәсіпкерлері қатысуда. Әрбір ауданға 3-4 шатырдан бөлінген. Жерлестеріміз іздегендерін аралап жүріп, әрбір палаткаға барып, баға салыстырып, көңілінен шыққанын алуда.

БЛИЦ:
– Жұмыртқа мен қырыққабат алайын дегем. Әлі қарап жүрмін. Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған.
– Ет пен бал алдым. Бәрі де табиғи таза. Балдары денсаулыққа пайдалы. Базардағы бағаға қарағанда мындағысы анағұрлым арзан.
– Бұл үлкен көмек. Бәрі жеткілікті. Өзім риза болып жүрмін. Жиі болып тұрса екен.

Облыс орталығындағы ауқымды шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары қатысты. Марат Тасмағанбетов жәрмеңкенің өту барысын бағамдап, сатушылармен әңгімелесті. Жалпы, бүгін саудаға 1100 тонна өнім шығарылған екен.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жәрмеңкені жыл сайын күздік науқан өткесін ұйымдастырамыз. Яғни, жылына бір рет өтеді. Әр сенбі сайын қаламыздағы 3 базарда осындай жәрмеңке өтеді. Бүгін малдарға шөп-жем де сатылуда. Бір бума, яғни, 300 келі шөптің бағасы – 5 мың, ал сабанның бағасы – 2 мың.

Жәрмеңкеде арпа да саудалануда. Бір тоннасы – 70 мың, ал сұлынікі – 65 мың теңге. Жалпы, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жерлестеріміз үшін кішігірім той десек те болады. Мұнда ағайын сауда жасаумен қатар арнайы концертті де тамашалайды. Солтүстікқазақстандықтар үшін бірнеше шатырда дәмі тіл үйірер палау да әзірленеді. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар үшін қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті. Ал жергілікті аспаздар болса дәмнен дәм татырды.


Алдияр Айтпаев