Спорт

Асық ату мен бес асықтан облыс чемпионаты өтті

Асық ату мен бес асық. Республика күніне орай Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде ересектер мен жасөспірімдер арасында қазақтың ұлттық ойындарынан облыс чемпионаты өтті. Жарыс 13 ауданнан келген және петропавлдық 100-ден астам теріскейліктің басын қосты. Мына жерде балалар сынға түсуде. Әр құрама 3 ұл мен 3 қыздан тұрады.

Ұлдар асық атады. Ал қыздар “Бес асық” ойынында жеңімпазды анықтайды.

АҚЖАН СҰРАҒАНОВ, СҚО асық ату федерациясының президенті
– Шеңбер бар. Жасөспірімдерде шеңбер – 2 метр. Ересектерде радиусы 3 метрді құрайды. Оның ішінде 15 асық тізіліп тұрады. Сол асықтарды 2 команда ойыншылары кезек-кезекпен атады. Кім асықтың көбін шеңберден шығарса, сол өзінің қанжығасына байлайды. 15 минуттың ішінде шығаруы тиіс. Көп шығарған адам жеңіске жетеді.

“Бес асық” ойыны 13 кезеңнен тұрады. Мұнда қыздардың шапшаңдығы, қырағылығы мен ептіліктері сыналады. Бұл қасиеттер Шал ақын ауданына қарасты Кеңес орта мектебінің оқушысы Қарақат Биғужинаның бойында бар. Ол көз ілеспес жылдамдықпен жеңіске жақындап келеді. Жеткіншек қолына асықты алғаш осыдан бірнеше жыл бұрын алып, ұлттық ойынды үйреніпті.

ҚАРАҚАТ БИҒУЖИНА, чемпионатқа қатысушы, Шал ақын ауданы;
– Асық ойнағанды жақсы көремін. Асық ойнаған кезде ішімдегі стрессті, қиыншылықтарымның бәрін шығарамын. Мен “Бес асық” ойынын алғаш теледидардан көрдім. Содан қызығушылығым оянды.

Ал Нұрдәулет Әмзеев Есіл ауданының намысын қорғайды. Әзірге, аяқ алысы жаман емес. Сақасы көздеген асыққа тиюде.

НҰРДӘУЛЕТ ӘМЗЕЕВ, чемпионатқа қатысушы, Есіл ауданы
–  Асық ату үйірмесіне 4 жылдай қатысып жатырмын. Ойынның ережесі оңай. Кілемді баспау, жерге қолды тигізбеу қажет және асықты дұрыс ату керек.

Жарысқа қатысып жатқан балалар телефонға телміргеннен, компьютерде күн өткізгеннен асық ойнаған артық дейді. Сөздерінше, ұлтық ойын жастарды ширақ қылып өсіреді, ойлау қабілетін жақсартады, бәсекенің дәмін татқызады. Сайыс соңында жүлдегерлерге медаль мен грамоталар табыс етілді. Үздіктер ел біріншілігіне жолдама алды.


Гульден Симбаева