МТРА жаңалықтары

Студенттерге Республика күнінің маңыздылығы түсіндірілді

 

Республика күні қарсаңында С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Біз өмір сүріп жатқан Республика” тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті.

Іс-шараға Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің 1-ші курс студенттері қатысты. Жастарға облыстық Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Ерік Тәттібаев Республика күнінің маңыздылығы жайында түсіндірді. Өскелең ұрпақтың бірі білсе, бірі білмей жатады. 1990 жылдың 25-ші қазанында егемендік туралы декларация қабылданды. Нақтырақ айтқанда, осы маңызды құжат ата-бабамыз сан жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам болды.

Ерік Тәттібаев, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:
– Республика күні – ұлттық мереке. Оның маңыздылығы жайында әрбір қазақстандық білуі тиіс. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр дейді. Сондықтан, өскелең ұрпақ Отанын құрметтеп-қастерлеп, өз елінін тарихын білуі қажет. Себебі, ел болашағы жастардың қолында. Ал біз – аға буын өкілдері жастарға елдегі реформалар мен тарихи даталардың маңыздылығын айтып жүруіміз тиіс.

Дөңгелек үстел жиыны барысында сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды. Жастарға ел егемендігіне қатысты 20-ға жуық сұрақ қойылды.

Сұрақтардың басым бөлігіне София Скачкова дұрыс жауап берді.

София Скачкова, Б.Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің студенті
– Жиын барысында еліміздің тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендігі жайлы біраз ақпарат алдық. Сұрақ-жауап ойыны да қызықты болды. Мен сауалдарға тез әрі дұрыс жауап бердім. Қазақстан тарихын мектепте құлшыныспен оқығандықтан маңызды даталарды жақсы білемін.

Осындай іс-шараларды Республика күні қарсаңында облыстық Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының мүшелері әр мектепте ұйымдастыруда.


Дана Ешкенова