МТРА жаңалықтары

Петропавлдық балықшы көл жағасынан қару тауып алды

 

Облыс орталығының 51 жастағы тұрғыны Шаховское тұсындағы көл жағасынан мылтық тауып алған. Қаруды үйіне алып кетіп, келесі күні полиция қызметкерлеріне хабарласқан.

МЕЙРАМ ШАРИШЕВ, қалалық ПБ бөлімше бастығы:
– Петропавл қалалық полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны хабарласты. Қызылжар ауданы Шаховское ауылының маңында балық аулаған кезде тіркелмеген қару тауып алды.

Полицейлер осыған ұқсас жағдайда мамандарды оқиға орнына шақыру қажет дейді. Дегенмен, қаруды ерікті түрде тапсырғандықтан оны тауып алған адам жауапкершілікке тартылмайды. Жедел-іздестіру тобы тәркіленген мылтықты сараптамаға жіберді.

БАХТИЯР ШЕРИЯЗДАНОВ, қалалық ПБ жедел-криминалистикалық бөлімінің аға криминалисі:
– Зерттеуге түскен қаруды Петропавл қаласының тұрғыны өз еркімен тапсырған. Бұл қару – зауытта жасалған 20 калибрлі ИЖ-ЗК тегіз ұңғылы аңшы мылтығы. Қару техникалық жарамды күйде және 20-шы калибрлі аңшылық оқ-дәрілермен атуға болады.

Тиісті тексеріс жұмыстары жүргізілгеннен кейін мылтықтың көзі жойылады. Жалпы, жыл басынан бері облыста заңсыз айналымнан 100-ге жуық қару тәркіленген. Тәртіп сақшылары тіркелмеген қару немесе оқ-дәріні заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Жазаға тартылмаудың амалы – қаруды құзырлы органға ерікті түрде өткізу.


Самал Жунусова