МТРА жаңалықтары

Қызылжарлық кәсіпкерлер Жолдауды талқылады

Жолдаудың берері не, қолдауы неде? Әсіресе, бизнес бастаймын деген жандар мемлекет ұсынып отырған қолдау құралдарының қайсысын пайдалана алады? Бескөлде бизнес пен кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің жүздесуінде осы тақырып қаузалды. Дүйсенбай Құсманұлы 1,5 жыл бұрын Тараз облысынан қоныс аударған. Мемлекеттен қолдау алып, Подгорное ауылында баспаналы болған азаматтың қазіргі таңда шағын кәсібі бар. Азамат мал шаруашылығымен айналысады.

ДҮЙСЕНБАЙ ҚҰСМАНҰЛЫ, Подгорное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Сиыр, жылқы, қойлар бар. Кішігірім шаруа қожалықтарын дамыту бойынша үкіметтің бөліп жатқан гранттары бар. Оқып алдым. Маған 1 млн 225 мың теңге ақша берілді. Жоспарға 3 сиыр дегенмін. Қазір екеуін алып қойдым. Тағы біреуін аламын.

Кәсіпкер бір орында тұрақтап қалғысы келмейді. Ісін өрге домалатуды жоспарлаған азамат бүгінгі жиын барысында келесі жылы іске қосылатын жеңілдетілген несие жүйесі жайлы білді. Оны өз Жолдауы барысында Президент жария еткен болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерлерді қайтаруды да тілге тиек етті. Бұл реформа да Дүйсенбай Құсманұлының көңілінен шығып отыр.

ДҮЙСЕНБАЙ ҚҰСМАНҰЛЫ, Подгорное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Қазіргі таңда азды-көпті жерлер қайтарылып жатыр. Біздерге бұл ұнап отыр. Жеке мен ғана емес, ауылдағы ағайын да мал ұстап кәсіп ашқысы келеді. Оны бағып, жаяйын десе жер жоқ. Жерлер халыққа қайтарылса қаншама адам өз-өзін жұмыспен қамтиды.

Жалпы, кәсіпкерлер палатасының Қызылжар аудандық филиалына күніне 10 солтүстікқазақстандық келіп жүгінеді. Мамандар азаматтарға кәсіп ашуда бағыт-бағдар беріп, ісін бастауға көмектеседі.

АСҚАР НҰРМҰҚАНОВ, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы Қызылжар аудандық филиалының директоры:
– Биыл ауданымызда “Бастау Бизнес” курстарын 200 адам тәмамдады. Олар онлайн форматта оқыды. Ал мемлекеттік грантқа 100 адам ие болды. Бұл жандардың әрбіріне 1 млн 200 мыңнан астам қаражат берілді.

Жалпы, бүгінгі күні Қызылжар ауданында 2 мыңнан астам бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр.


Алдияр Айтпаев