МТРА жаңалықтары

Қожаберген жырау ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Республика күні қарсаңында ата-баба рухына құрмет көрсетілді. Бүгін Қожаберген жырау ескерткішінің алдына гүл шоқтары қойылды. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері мен тау тұлғаның атындағы №6 орта мектептің жастары қатысты.

ЕРСАЯТ ЕСЕНЖОЛОВ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
– Мұндай тау тұлғалар 100 жылда бір рет туылады. Қожаберген жыраудың шығармаларын күнделікті оқимыз. Республика күні – Қазақстанның ең басты мерекелерінің бірі. Мереке құтты болсын!

Бүгінгі салтанатты жиынға Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 25 оқушысы қатысты. Жалпы, Республика күнін білім ұясының ұжымы кең ауқымда атап өтпек. Оқу ошағында бүгінгі шарадан басқа тағы да бірқатар жиын жоспарланып отыр екен.

АЙНАГҮЛ ЕСҚАЛИЕВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің директоры:
– Негізі, осы 2 жұма бойы мектебімізде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Ана тілімізде эссе жазу, спорттық ойындар және ата-аналардың қатысуымен шаралар жоспарланды. Қазіргі таңда олар өз легімен өтіп жатыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда суырып салма ақын, қолбасшы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте 1 мыңға тарта бала білім алады.


Алдияр Айтпаев