МТРА жаңалықтары

Жұмыс қорытындысы

Жол активтері ұлттық сапа орталығының филиалында биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыс қорытындыланды. Мамандар орташа жөндеу жүргізілген автожолдардың бірқатарын, нақтырақ айтқанда 6,5 млрд теңге жұмсалған жобаларды мемлекеттік стандартқа сай келмегендіктен қабылдамаған. Соның арасында Есіл ауданындағы Заградовка ауылы бағытындағы аралық та бар. Мердігер – «KazFortis» компаниясы.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры
–  «Аталған аралықта жұмыс сапасыз жүргізілген. Алынған керн тығыздығы, қалыңдығы мен су сіңіру көрсеткіштері бойынша тиісті талапқа сай келмеді. Жоба бойынша 7 м деп көрсетілсе, олар 6 жарымын ғана салған. Содан біз жазған хаттардың негізінде техникалық бақылау қызметі мен фирмаға айыппұл салынды. Кәсіпорын өкілдері жауапкершілікке тартылды».

Сапа неден ақсайды? Себеп-салдары көп. Соның бірі техникалық бақылау саласындағы кадр тапшылығына қатысты. Жолдыбай Тентековтің айтуынша, мамандарға түсіп отырған салмақ көп. Әрқайсысы – 5, тіпті, кейде одан да көп нысанды назарда ұстауы керек. Осы жылы жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары республикалық маңыздағы 29 жолды тексерген. 333 сынаманың 49-ы жарамсыз болып шыққан.
Мердігерлерге қатысты ұйғарым жазылған.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры
– «Сол кезде айтылған ескертулер бүгінде орындалды. Қайта керн алу барысында тығыздығы мен су сіңіру көрсеткіші нормативтік-техникалық құжаттама талабына сәйкес келді. Облыстағы маңыздағы жолдар бойынша 19 учаске қамтылды. 90-нан астам көшпелі тексеріс ұйымдастырылып, 400-ге жуық саныма алынды. Оның 80-і талапқа сәйкес келген жоқ. Жазылған ұйғарымның жартысы орындалды, қалғаны түзетіліп жатыр.

Инерттік материалдың сапасы зертханада тексеріледі. Мәселен, бір керннің өзін тексеру үшін бірнеше кезеңдік іс атқару керек. Мұнда барлығы – 6 маман жұмыс істейді. Данияр Баймолданың жол активтері ұлттық сапа орталығында қызмет етіп жатқанына 2 жыл болған.

ДАНИЯР БАЙМОЛДА, сарапшы
–  «Алынған сынаманың ұсақталғыштық пен сырылуға қарсы физико-механикалық қасиеттері тексеріледі. Асфальтты-бетонды қоспаның сапасын бағалаймыз. Оның тығыздығы тексеріледі. Барлық параметр бойынша битумды сынаймыз. Тиісті құрал-жабдық бар. Жыл сайын толықтырып отыруға тырысамыз».

Жалпы, жыл сайынғы жол жөндеу жұмыстары қазанның 31-іне дейін жүргізіледі.
Жол активтері ұлттық сапа орталығының филиалы директорының айтуынша
мердігерлер жұмыстарын қара суық түскенше дейін аяқтап үлгерулері тиіс.