МТРА жаңалықтары

Сайлау заңнамасы түсіндірілді

 

Қозыбаев университеті қабырғасында сайлау заңнамасы түсіндірілді. Жиынға “Қазақстан заңгерлер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі базасында құрылған “Адал сайлау үшін” штабының өкілдері қашықтықтан қатысты. Жақында президенттікке үміткер 12 азаматтың аты-жөні жарияланғаны мәлім. Алайда, кеше бірнеше кандидат топтан шығып қалды. Оның себебін залда отырған оқытушылар мен жастарға заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов онлайн режимде түсіндірді.

ЕРМЕК АБДРАСУЛОВ, заң ғылымдарының докторы, Астана қаласы:
– Үміткерлердің ішінде Хайрулла Ғабжалилов есімді азамат болды. Ол кеше тізімнен алынды. Себебі, кандидат Қазақстан Республикасында тумаған. Өзбекстанда дүниеге келген. “Қандас” мәртебесіне ие. Ал талап бойынша сайлауға Қазақстанда туған адам ғана түсе алады.

Өзгелері де осы сынды себептермен топтан шығып қалды. “Алдымызда жаңа әрі әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Мұны жүзеге асыру үшін бірінші кезекте саяси доданы әділ өткізуіміз қажет. Сайлау – демократиялық мемлекеттің ең биік шыңы”,- дейді Қозыбаев университетінің аға оқытушысы Қуандық Бажайұлы. Азамат қарашаның жиырмасында қоғамдық бақылаушыларға жауапкершілік жүгі артылатынын да айтады.

ҚУАНДЫҚ БАЖАЙҰЛЫ, Қозыбаев университетінің аға оқытушысы:
–  Қоғамдық бақылаушылар сайлау учаскелерінде еркін жүріп-тұрулары қажет. Олар барлық процесті көрулері тиіс. Өзім 1 рет қоғамдық бақылаушы болдым.

Соңғы деректерге сүйенсек, Орталық сайлау комиссиясы 7 үміткерді мақұлдапты.


Байболат Култанов