МТРА жаңалықтары

Республика күні – ұлттық мереке

 

Биылдан бастап елімізде 25 қазан – Республика күні болып аталып өтіледі. Ұлттық мереке қарсаңында жергілікті Достық үйінде “Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері: Республика күні” атты іс-шара өтті.

Жиынға жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері қатысты. Жастарға
университеттегі “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная Республика күнінің маңыздылығы жайында дәріс оқыды.

13 жыл бойы аталмай келген Республика күні биыл ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта енгізілді. Осы ретте тарихқа тоқталайық. Еліміз үшін 25 қазан күні – аса маңызды даталардың бірі. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын.

 Людмила Гривенная, Қозыбаев университеті “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі
– Бұл декларацияның қабылдануымен алдымен еліміздің шекарасы белгіленді. Кейін мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Жалпы, сол кезден бастап ел ішінде оң өзгерістер орын алды. Осындай тарихтағы маңызды оқиғаларды, даталарды әр адам білуі қажет. Әсіресе, жастарға сол кезде мұндай құжаттардың қалай қабылданғаны, оның маңыздылығы неде екені қызықты деп ойлаймын.

Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алғалы қазанның 25-і күні Республика күні ретінде тойланып келді. Алайда, бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тасталды. Биыл мейрам қайта жанданып ұлттық мереке ретінде бекітілді.


Дана Ешкенова