МТРА жаңалықтары

Медицина саласында кадр жетіспейді

 

Медицина саласындағы кадр тапшылығы мен жастардың білім қуып елден кетуі. Бүгін Қозыбаев университетінде осы мәселе көтерілді. Жалпы медицина мамандығы бойынша білім алатын ұл-қыздарға тәжірибелі мамандар ақыл-кеңестерін айтты. Жиынға облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры Сәкен Амрин қатысты. Саланың жілігін шаққан азамат медицина саласының қызығы мен шыжығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, жас мамандарға мемлекет пен жұмыс орнынан берілетін көмек туралы да айтты.

СӘКЕН АМРИН, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:
-Өзге өңірден келіп облысымызда жұмысқа орналасқан мамандардың пәтер ақысының 50%-ы өтеледі. Петропавлда еңбек ететіндерге – 1,5, ал ауданда тер төгетіндер үшін 2,5 млн теңге жәрдемақы беріледі. Біздің ауруханаға келген мамандардың мамандығына байланысты 1,5 млн-нан 3 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Биылдың өзінде облыстық көпбейінді ауруханаға 20-дан астам ақхалатты жұмысқа тұрды.

Мемлекет пен жергілікті билік кадр дефицитін осылай тұсауламақ. Болашақта елімізге адал еңбек етуге ниетті жастардың бірі – Сағындық Сексембаев. Қазіргі таңда жерлесіміз жалпы медицина мамандығының 3-ші курсында оқиды. Мамандықты жүрек қалауы бойынша таңдаған жастың арманы айқын. Болашақта ол хирург болмақ.

САҒЫНДЫҚ СЕКСЕМБАЕВ, Қозыбаев университетінің студенті:
– Мен өз елімнің патриотымын. Сондықтан, осы салада еліме еңбек етіп, көп көмегімді тигізгім келеді. Қазіргі таңда университет қабырғасында жақсы білім алып жүрмін. Сабағымызға ауруханада жұмыс істейтін мамандар келеді. Тәжірибесі мол жандар білгендерімен бөліседі.

Жиын еркін форматта өтті. Студенттер мамандарға толғандырған сұрақтарын қойды.


Алдияр Айтпаев