Денсаулық сақтау

Облыстық кардиологиялық орталықта бірегей ота жасалды

Өңірге Швейцария мен Германиядан профессорлар келді. Тәжірибелі мамандар облыстық көпбейінді ауруханада аорталық қақпақшаны тері арқылы транскатетерлік имплантациялау бойынша операцияның жаңа қолға алу мақсатында шеберлік-сағатын өткізді.
Айта кетейік, мұндай ота егде жастағы адамдарға жиі жасалады екен. Көптеген жылдар бойы солтүстікқазақстандық науқастар осындай ота жасату үшін Астана және Алматы қалаларына баруға мәжбүр болды. Ал бүгін шетелдік мамандардың бақылауымен мұндай операция 70 жастағы жерлесімізге жасалды. Бұған дейін қартқа дәрігерлер қолқа стенозы диагнозын қойған. Яғни науқастың қолқа саңылауы тарылып, қанның өтуі қиындаған.

СӘКЕН ӘМРИН, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
– Бұл бірегей ота. Жасы 70-тен асқан науқастарға жасының ұлғаюына, созылмалы ауруларға байланысты ашық ота жасауға болмайды. Шетелдік мамандар келмес бұрын біз науқастарды іріктеп алдық. Бір ай бойы оларды отаға дайындадық. Түрлі тексерулер жүргізіп, шақ келетін қақпақша таңдап, шетелден тапсырыспен алғыздық.

Науқасқа бірегей операцияны кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жасады. Ал шетелдік мамандар отаның өту барысын бақылап тұрды. Ағымдағы жылдың басында дәл осы профессорлар біздің өңірге келіп, тәжірибелерімен бөлісіпті.

КЕЙС ОЛДРОЙД. ПРОФЕССОР
– Ақпан айында біз үш сәтті ота жасап, қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантацияладық. Бүгін басқа үш сырқатқа осындай ота жасадық. Бұл науқастар осындай TAVI – қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау операциясын жасауға болатын статистикалық орта жасқа жатады. Яғни 70-75 жаста.

Мамандардың айтуынша, елімізде кардиологиялық қызмет жақсы дамып келеді. Қазақстан бойынша осындай 500 шақты қолқа қақпақшасы қойылған.

АЗАМАТ МАҒЗҰМОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– Біздің кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық оталар бірнеше жылдан бері жасалып келеді. Кезінде коронография, стенттеу, аорта-коронарлық шунттау – жүрек, қолқаға шунт қоюды үйрендік. Қазір жүрекке кардиостимулятор қоямыз, жүрекке радиожиілік абляция жасаймыз. Биыл Швейцария, Германия профессорларымен сөйлесіп, келісімшартқа отырып, қолқа стенозы кезінде қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау әдісін үйреніп жатырмыз.

Жоғары технологиялық операцияның құны 5-6 млн теңгені құрайды екен. Ал бізде мұндай ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында науқастарға тегін жасалады.


Дана Ешкенова